A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауыл игілігін көздеген 37 жоба

оның аясында 1000-нан астам жуалылық жұмыспен қамтылады

211

2020 жыл  тұрғындар үшін шын мәнінде  берекелі, табысты жыл болайын деп тұр. Ауыл-аймақтарда «Ауылым – алтын бесігім»,  Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», Аумақтарды дамыту және  «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында қомақты қаражат бөлініп, бас-аяғы 37 инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын болады.

Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуына қарағанда, биыл жазда іске асырылатын осы 37 жобаның басым бөлігі инфрақұрылымдық дамуды көздейді.

— Былтырдан бері таулы өңірдегі ауылдарға газ құбыры тартылып жатқанынан көпшілік хабардар болар. Ендігі кезекте осы газ құбыры жеткізілген ауылдардағы көшелерге газ кіргізу міндеті тұр. Ауыларалық және ауылішілік автожолдарды орта жөндеу жұмыстары бойынша 12 жоба, су арналарын аршу және ағымды жөндеу жұмыстарына бес жоба ұсынылып отыр. Қалған жобалар бойынша білім саласында бірқатар мектептердің ғимаратын күрделі жөндеу, ауылдарды таза ауыз сумен қамту көзделуде, — дейді Асхат Базарбайұлы.

Атап айтар болсақ, білім беру саласында аудан орталығындағы №15 мектеп-лицей мен №29 орта мектеп ғимараттарының қасбеті, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ғимараты, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы № 10 Күреңбел орта мектебі ғимаратының шатыры күрделі жөндеуден өткізілсе, Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал мен алты оқу бөлмесінің құрылысы басталады.

Таза ауыз сумен қамту – тұрғындар тарапынан жиын сайын көтерілетін өзекті мәселе десек, осы жазда мемлекеттің қолдауымен бірқатар округте бұл проблема шешімін табатын болады. Атап айтқанда, «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасымен ауданның тоғыз серпінді жобасына енген бес ауылда – Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдарында, Боралдай ауылдық округінің Ертай, Көлтоған ауылдарында және Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата ауылдарында және одан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен тағы 11 ауыл таза ауыз сумен қамтылатын болады. Бұл — Көкбастау ауылдық округінің Теріс, Көктөбе, Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау, Жұрымбай, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қызыларық ауылдық округінің Алатау, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылдары.

Биыл газ құбыры жеткізілген ауыл-аймақтардағы кварталішілік газбен жабдықтау  жобасымен жеті ауыл, атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қоңыртөбе, Тасбастау, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылдары газбен қамтылады. Сондай-ақ, Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылында жаңадан іске қосылатын «Тоқтаев» ШҚ-ын газбен жабдықтау да  осы жобаға еніп отыр.

Жоба аясында кейбір нысандарға электр желілерін тарту мәселесі де көзделген. Мәселен, «Жамбыл электр желілері» ЖШС Билікөл аймағындағы  «А.Галимова» жеке кәсіпкерлігінің жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысанына электр желісін тартуды жоспарлап отыр.

Инфрақұрылымдық жобалардың ішінде ауыларалық автомобиль жолдары мен ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстары да бар. Бұл ретте ауданның серпінді тоғыз жобасына енген Нұрлыкент-Теріс ауылдары арасындағы 1,04 шақырымдық және Ақсай ауылдық округінің «Диқан ауылына кіреберістегі» 1,606 шақырымдық автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы 10 көше мен тұйықты орта жөндеуден өткізу көзделуде.

Аудан аграрлық өңір болғандықтан, егіс алқаптарына су жеткізетін арналарды аршуға көңіл бөлетін уақыт жетті. Мемлекет биыл алғаш рет осы аталған мәселеге шындап кіріспек. Атап айтқанда, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында 220 гектар алқапты суландырып жатқан 7 шақырымдық су арнасын ағымдағы жөндеу, Б.Момышұлы ауылында тұрғындардың үй іргесіндегі қосалқы шаруашылығын суландыратын су таратқыш жүйелерді жаңғырту, Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесі бойына науалар орнату, Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы Е.Байғазиев көшесіндегі науаларды орта жөндеу, Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылындағы «Береке», Б.Момышұлы ауылындағы «Жарбұлақ»  және Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы «Қайрат»  су тоғандарын ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Нұрлыкент ауылдық округіндегі Нұрлыкент ауылында 100 орындық мәдениет үйін салу тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Құрылысы осы жазда басталатын мәдениет үйі ауданның серпінді тоғыз жобаның тізіміне еніп отыр. Аталған жобада Билікөл өңіріндегі «Берікқара» тау шатқалында отбасылық демалыс орталығын ашу, Б. Момышұлы ауылындағы Д.Қонаев көшесінің бойынан тұрғындарға арналған демалыс орталығын ашу, аудан орталығында жұмыс істеп тұрған «ЛФ» компаниясының фирмалық дүкенін іске қосу және Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылынан 50 орындық жекеменшік балабақша ашу секілді кәсіпкерлер ұсынған жобалар бар.

— Жалпы, ауылдағы ағайынның игілігі мен берекесін көздеген ұзын-ырғасы 37 жобада 1000-нан астам жергілікті тұрғын еңбек етіп, әр жұмыс істеуші орта есеппен 85 мың теңгеден жалақы алатын болады. Кейбір іске қосылған нысандарда тұрғындар тұрақты жұмыс істеуге қалады, — дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.

 

Абылайхан СӘРСЕН

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.