Аусылдан абай болайық
Аусыл — жылқыдан басқа түліктің барлығында кездесетін қатерлі індет түрі. Аусыл болған малдың көзі жасаурап, аузынан сілекей ағады, күлдіреуіктер шығып, жұқа терілі жерге дейін өршіп, тутасып, іріңді суға айналады, жем-шөп пен су ішуден қалады. 2-3 күннен кейін күлдіреген тілін салбыратып, сілекейін тоқтаусыз шұбырта бастайды, күйістен қалады. Қоздырушысы – Aphtovirus- РНҚ-лы, Aphtovirus туыстығына, Pikor-naviridae тұқымдастығына жатады. Ауырған жануарлардың клиникалық белгілері білінбей, жазылып кетуі мүмкін. Жаңа туған төлдерде аусыл өте жітілі түрде өтуі мүмкін, онда афты пайда болмайды және өліммен аяқталады.
Індет көздері болып аусылмен ауырған жануарлар, оның ішінде аурудың жасырын кезеңінің 1 күннен 7 күнге дейін, кейде 21 күнге созылатынын ескеру қажет, аталған жануарлар вирустарды сыртқы ортаға сүтпен, сілекейімен, демалған ауамен, дәретімен және нәжісімен сыртқа шығарады.Аусылдан жазылған, сонымен қатар аусылға қарсы егілген және аурулармен бірге тұрған кейбір жануарлар, ұзақ уақыт вирус тасығыш болып, індеттің қауіпті көзіне айналуы мүмкін. Аусылдың вирустары жұққан мал азығының, топырақтың төсеніштің ұсақ бөлшектері желмен бірнеше шақырым жерге ұшып барады. Диагнозды эпизоотологиялық деректермен қоса, клиникалық белгілердің және лабораториялық зерттеулердің талдауын негізге алып қояды.
Аусыл ауруын емдеу. Ауруыдың алдын алу басты шарасы – вакцинация. Жануарлар арасында ауру мен өлімді азайту, сондай-ақ асқынудың алдын алу үшін ауруларға қызмет көрсету жағдайын жақсартады, оларды жиі суарады, диеталық азық (шөп, ұн быламықтары), дезинфекциялайтын ерітінділер немесе тері мен шырыштық қабаттарды өңдеуге арналған жақпа майлар береді. Жүрекке арналған дәрілер мен антибиотиктер қолданылады, сондай-ақ көктамырға глюкоза жіберіледі. Жануарлардың аусылымен күрес үшін міндетті түрде елді мекендерді, фермалар мен табындарды вирус тараудан қорғау, жануарларды вакцинациялау, кешенді алдын алу шаралары қарастырылады, ал ауру шығып қалған жағдайда кезек күттірмей диагноз қою, қолайсыз пункттің эпизоотиялық ошағында карантин талаптарын қатаң сақтап, қатерлі аймақта ветеринарлық-санитарлық шаралардың орындалуын, вирустың сыртқы ортада жойылуын және аурудың әрі қарай таралмауын қамтамасыз етеді.
«Ветеринарлық қызмет» КМК байланыс телефоны 54-13-30, 54-15-83
1. «Абай» вет. бөлімшесі 87056197588
2. «Орталық» вет. бөлімшесі 87072275390
3. «Қазақ ауылы» вет. бөлімшесі 87072740233
4. «Құмшығал» вет. бөлімшесі 87712356608
А. Қалтаев,
«Тараз қаласы әкімдігінің
ветеринария бөлімі» КММ басшысы