Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Aurum Deutschland» компаниясының өкілдерімен кездесті. Неміс инвесторлары Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт салуға ниетті. Кездесуде қос тарап жобаның барысын жан-жақты талқылады, – деп хабарлайды «Мunaranews» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компаниямен келіссөздер біраз уақыттан бері жүргізілуде. Жобаға салынатын ивестиция көлемі 329 миллион еуроны құрайды. Ал іске асу уақыты 9 жыл.
Жобаның биыл тау-кен комбинатының жобалау жұмыстары жүзеге асырылса, келесі жылы зауыттың құрылысы басталады. Жылына 5 тонна алтын өндіріледі деп жоспарлануда. Жергілікті билік зауыт салу үшін әзірге 300 гектар жер бөліп отыр. Құрылыс жұмыстарына 350 адам тартылады. Ал кәсіпорын толығымен іске қосылғанда 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Асқар Мырзахметов уақытты созбай, сөзден іске көшуді ұсынды. Компания кедергісіз жұмыс істеуі үшін жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалатанын атап өтті. Айта кетейік, ауқымды жоба Қордай ауданында жүзеге асырылады.