Оралда жас әйелді өлтіріп, мәйітін өртеген Темірлан Аманғалиевке қатысты сот отырысы өтті. Оқиға куәгері сотталушының мәйіттен қалай құтылғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Темірлан Аманғалиев Анастасия Чернаяны өлтірді деп айыпталуда. Сотта куәгер ретінде Жалғас Темуров сөз сөйледі. Ол Темірлан Аманғалиев пен Анастасия Чернаяның мүрдесін орман алқабына дейін жеткізіп салған.
«13 қыркүйек күні жұмыстан үйге келдім. Темірлан хабарласып, такси қызметін көрсетуімді сұрады. Мен келістім. Келген соң, ол жүксалғышты ашуымды сұрады. Онда бруцеллез жұқтырған малдың еті бар екенін айтты. Жолдан «май құюшыға» тоқтап, ауру малдың денесін өртеу үшін бес литр бензин сатып алды. Жол бойы басқа тақырыптарға әңгімелестік. Сотталушы байыпты еді, ешқандай абыржығанын байқамадым. Жол көрсетті. Орынға жеткен соң, мен жүксалғышты аштым, ол қапты шығарып, жерге қойды, артынан орманға қарай сүйреді. Мен көлікке отырып, оны күттім. Телефон қарай бастадым. Біраз уақыттан кейін ол қайтып келді. Ал көлік қозғалған соң, терезеден от тұтанғанын көрдім. Біз Махамбетке келген соң, ол өзі тұратын көшеден түсіп қалды», — деді Жалғас Темуров.
Куәгердің айтуынша, қап ақ түсті болған. Қанның ізі байқалмаған. Сол кезде өзі иіс сезбей жүргендіктен, артық ештеңе сезбегенін айтады. Ал 16 қыркүйек күні Жалғас Темуров полицияға шағым түсірген. Ол БАҚ-тан әлгі жердің суретін көрген. Бірақ жаңалықтарда қаптың ішінде адамның мүрдесі болғаны жазылған.
Сот кезінде күдіктіге қосымша сұрақтар қойылды. Анастасияның қай жерде өлгенін сұрағанда, Темірлан Аманғалиев сөздерінен шатасты. Бұдан кейін прокурор сотқа арнайы маманды шақыруды сұрады. Бүгін сот сарапшының қатысуымен жалғасады.
Бұған дейінгі отырыста Темірлан Аманғалиев Анастасия Чернаяны абайсызда өлтіріп алғанын айтқан еді. Күдікті Оралда әйелімен және баласымен бірге пәтер жалдап тұрғанын жеткізді. Сөзінше, ол Анастасиямен несиеге ақша беретін автоматтың алдында танысқан. Екеуара әңгіме барысында Анастасия оған «Көктем» сауда үйінде тағы бір кредитоматтың бар екенін айтқан.
«Жолда ол маған несиені қалай алуға болатынын түсіндірді. Мен онша білмейтін едім, сондықтан «Көктемге» келгенде оған жеке куәлігімді бердім. Ол ұзақ уақыт бойы бірдеңе істеп, кейін тек 28 мың теңге алғанын айтты. Бұл аз еді. Ол көбірек алуға болатынын айтты. Бірақ ол үшін алдыңғы қарызды жабу керек еді. Оған тағы 20 мың теңге керек болды. Мен досыма хабарласып, ақша сұрадым», — деді Аманғалиев.
Сотталушының сөзіне қарағанда, ол Анастасия айтқан шотқа ақша аударған, одан кейін екеуі сауда үйінің артында үй ауласына бірге барған.
«Анастасия біраз уақыт өтуі керектігін айтты. Сол жерде ол жылап, пәтерақысын, балабақша ақысын төлеу үшін ақша керектігін айтты. Кейін ағасының досына есірткі сатқанын, енді оны бопсалап жүргенін жеткізді. Бұл жерде бір гәп бар екенін түсіндім. Сосын ағасы Леша келіп, екеуі сөйлесті. Мен ақшаға қолымды бір сермедім де, кетіп қалдым. Үйге жеткенде құжатымның ода қалып кеткенін түсіндім. Оған хабарласа бастадым, бірақ ол тұтқаны көтермеді. Біресе тұтқаны басып, біресе бос еместігін айтты», — деді күдікті.
Арада 4 сағат өткеннен кейін, Анастасия оған қайта хабарласып, өзін нашар сезініп тұрғанын, оған есірткі қажет екенін айтқан.
«Кейін оған өзім хабарласып, досымда есірткі бар екенін, қазір алып келетінін айттым. Менің құжатымды алып келуді сұрадым. Үйден балаларға арналған «Цефекон» балауызын тауып, үгітіп, газетке орадым. Ол түсінбей қалар, есесіне құжатымды қайтарар деп ойладым. Анастасия келген соң, екеуміз подъезге кірдік те, мен оған қағазды бердім. Ол ашып, дәмін көріп, айқайлай бастады. Құжатымды сұрағанда «сөмкеде» деді. Мен оның қолынан сөмкені жұлып алмақ болғанда, ол мені тырнап, айқайға басты. Мен тек оны итермекші болдым. Қалай болғанын білмеймін, оны өлтіргім келген жоқ. Итергенімде ол басымен плитаға барып соғылды. Есін жоғалтты. Оның есін жидыртуға тырыстым, кейін қорқып пәтерге алып кірдім. Ол жерде су шашып, бетінен ұрып, жүрегіне массаж жасадым. Бірақ ол есін жимады. Оны өлтіргеніме сенбедім. Мен негізі қатігез адам емеспін. Менің 2 жасар қызым өсіп келеді. Ол да бірдеңені сезгендей, мені жібергісі келмеді. Өзім әкесіз өстім, әкем де әкесіз өскен. Мен бұл жазмышты тоқтатқым келген. Мен оның жақындарынан кешірім сұрағым келеді. Ант етейін, оны өлтіргім келген жоқ. Бұл сіздердің қыздарыңыздан айырып, мені осында жіберген жағдай болды», — деді сотталушы.
Амангелдиев Анастасияның өлгенін түсінген соң, оның мүрдесін шкафқа салып, такси шақыртқан. Шкафты көліктің үстіне қойып, өзінің Махамбет ауданындағы үйіне апарған. Кейін мүрдені біреу тауып алар деп қорқып, оны үйіндіге апарып тастамақ болған. Бірақ ол жерде де үркіп, мүрдені әрі қарай Факел ауылына қарай жеткізген. Кейін мүрдені қапқа салып, Ветелки ауылы маңындағы орманға апарып өртеген.
Айта кетейік, Анастасия Черная өткен жылдың 13 қыркүйегінде жоғалып кеткен. Ол үйінен шығып, қайта байланысқа шықпаған. Ал 15 қыркүйек күні сағат 13:45-те Ветелки ауылына жақын маңдағы орманнан оның мүрдесі табылды. Оны өлтірді деген күдікпен 27 жастағы Орал тұрғыны ұсталды. 25 қаңтарда басты сот ісі басталды.