A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауған соғысына қойылған ескерткіш алдында митинг өтті

170

1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Соғыс-зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі-ауған соғысы. Байтақ елдің тыныштығын бұзған Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 10 жылға созылды.

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толып отыр. Ауданымызда бұл күн ерекше аталып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізілді.

Кеше Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына арналған митингі қалалық Ауған соғысына қойылған ескерткіш алдында болып өтті. Митингіге аудан және қала әкімдері, аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Жаңатас қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің қызметкерлері және қала тұрғындары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, қызметкерлері жиналды.

Митингіде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмадилдаев сөз сөйледі.

-15 ақпан бұрынғы Кеңес Одағына қарасты мемлекеттер үшін тарихи күн. Себебі, Кеңес әскерлері 1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстан жерінен біржола шығарылды. Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанды да бұл қанды соғыс, сырт айналып өтпеді. Қаншама боздақ ерлікпен қаза тапты. Елге оралғандардың кейбірінің денесінде мәңгі жазылмас жара, жүректерінде отты жылдардың сызаты қалды. Құрметті Ауған соғысының ардагерлері! Жарияланбаған, мақсатсыз соғыста қиын да ауыр күндерді бастан кештіңіздер. Сол соғыстан Отанына аман оралған сіздерді әрқашан құрметтеп, мақтан тұтамыз. Сіздердің отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз,-деді.

Мұнан соң, Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесінің атқарушы хатшысы Алтай Сармолдаев  ауғанның отты жылдарынан аман қайтқан сарбаздарды осы айтулы күнмен құттықтап, өзінің ыстық лебізін жеткізді. Сонымен қатар, ауданнан әскери борышын өтеу үшін аттанып, ауған жерінде қаза тапқан, тіпті біреуі хабар-ошарсыз кеткен құрбандардың есімін ескерткіш тақтаға жаздырғаны үшін аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке алғысын білдірді.

Ақындарымыз «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман тек сенен есте қалған…» деп жырлағандай Ауған соғысында қаза болған боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Бір минуттық үнсіздіктен соң, жиналғандар сол бір қанқұйлы соғыстың ақтаңдақтарын еске алып, зұлмат күндердің куәгерлері бас қосып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.  Ардагерлер майданда ажал құшқан  қарулас достарын еске алды. Ауған соғысы ардагерлерімен қатар мекеме, кәсіпорын қызметкерлері де арнайы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

Камели Сүлейменова

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.