«Еріктілер жылы жәй ғана науқандық шаралармен емес тұрғындарға пайдасы мол, кейінде жалғасын табатын игі істермен өрбуі тиіс». Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов осылай деді.
Аталған жиында үш мәселе қаралды. Олар – еріктілер жылына жоспар, Тараз қаласында әлеуметтік дүңгіршектер орнату, көтерме- тарату орталықтарының құрылысы. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Фархат Абдралиев баяндама жасап атқарылатын жұмыстардың жоспарына тоқталды.
Оның айтуынша «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын аясында қазіргі таңда облыста 13 қайырымдылық дүкендері жұмыс жасаса, халық көп шоғырланатын 5 сауда орындарында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылыпты. Жыл басынан бері аталған дүкендер арқылы бір мыңға жуық отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек, тұрмыстық заттар үлестірілген. Жалпы бүгінде дүкенде 3,5 тонна киім-кешек қоры бар. Сондай-ақ, волонтерлардың көмегімен 300 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайлары сараланыпты. Осындай мәліметтерді тілге тиек еткен аталмыш басқарма басшысының орынбасары ағымдағы жылға арналған іс-шаралар жоспарын әзірленіп, облыс әкімінің орынбасарымен бекітілгенін жеткізді.
Асқар Исабекұлы аталған іс-шаралар жоспары көңілден шықпайтынын жеткізіп, қайта толықтыруды тапсырды. Өңір басшысы еріктілер жылында пайдасы жоқ семинар мен флешмобтармен өткізбей, кейінгі жылдары да жалғасын табуы тиіс игі жұмыстар атқарылу керектігін ескертті. Еріктілердің қайырымдылық шараларына барынша атсалысуын, ол үшін алдымен аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік картасын түзудің маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар, еріктілерді жастар тәрбиесіне, кәсіп айналысуға, жастар арасындағы құқықбұзушылықтарды азайтуға, қоғамдағы өзекті мәселелер мен төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардабын жоюға тарту жайына назар аудартты. Ол үшін аталған басқарма тиісті жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра білуі қажет.
Бұдан соң жиынның күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша әлеуметтік дүңгіршектер мен көтерме — тарату орталықтары құрылыстарының жайы сараланды. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев облыс орталығынан 100 әлеуметтік дүңгіршектердің ашу жұмыстарының дайындық барысын баяндады. Облыс әкімі ол бойынша тиісті жұмыстарды тезірек атқарып, барлық дүңгіршектерді мүмкіндігінше биыл салу керектігін жеткізді. Ол ғана емес, дүңгіршектерді орнатудағы негізгі мақсат тұрғындардың игілігіне жұмыс жасау екендігін ескертіп, ондағы азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатылуын бақылау шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы көтерме-тарату орталықтарының бағаны тұрақтандыру үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға оның жұмыс жоспарын жүйелі түрде ұйымдастыруды жүктеді.