Зообақ – жануарларды сақтау, көбюейту мен ғылыми зерттеу орталығы - "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Зообақ – жануарларды сақтау, көбюейту мен ғылыми зерттеу орталығы

15

Еркіндікті барлығы сүйеді. Адам да, аң да, құс та. Табиғат аясында еркін жортқан жануардың өмірі – жаратылыстың өз заңдылығына бағынған шынайы тіршілік. Сондықтан қоғамда «жабайы жануарларды торда ұстау қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтың жиі қойылуы заңды құбылыс. Расында, зоосаябақ аңдардың еркіндігін шектемей ме? Табиғи мекенінен алыстатып, адам бақылауына беру табиғатқа жасалған қиянат емес пе?

Бұл – біржақты жауап беруге келмейтін күрделі мәселе. Себебі, бүгінгі зоосаябақтар бұрынғыдай тек жануарларды көрсетуге арналған орын емес. Қазіргі таңда әлемдегі көптеген зоологиялық саябақтар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды сақтаудың, көбейтудің, ғылыми зерттеудің маңызды орталығына айналды.

Табиғаттағы браконьерлік, климаттың өзгеруі, орман алқаптарының азаюы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы көптеген жануар түрлерінің өміріне қауіп төндіріп отыр. Ал арнайы мамандардың бақылауындағы зоосаябақтарда жануарларға тұрақты күтім жасалып, ветеринарлық бақылау жүргізіліп, қауіпсіз орта қалыптасады. Соның нәтижесінде кейбір жануарлар табиғи ортадағы өмір сүру ұзақтығынан да ұзақ жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы — тек демалыс орны ғана емес, табиғатты қорғау, жануарларды сақтау және қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында маңызды міндет атқарып отырған мекеме. Бүгінде Қазақстандағы ең ірі үш зоосаябақтың қатарына кіретін бұл нысан ғылыми-ағартушылық, мәдени және табиғат қорғау жұмыстарын қатар жүргізіп келеді.

Ширек ғасырға жуық тарихы бар

Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы 1980 жылы құрылған. Бүгінде ол республикадағы ірі мәдени-экологиялық және ғылыми-ағартушылық мекемелердің біріне айналды. Жалпы аумағы 29,25 гектарды құрайтын зоосаябақта қазіргі таңда 306 түрге жататын 3561 бас жануар бар. Мұнда тек кең таралған аң-құстар ғана емес, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар да күтіп-бапталады. Зоосаябақтың негізгі міндеттерінің
бірі – жануарлардың генофондын сақтау және оларды жасанды ортада көбейту. Бұл бағытта соңғы жылдары нақты нәтижелер байқалады. 2025 жылы хамелеон, жолбарыс түсті питон, кербұғы, теңбіл бұғы, көгілдір қой, бұранда мүйізді ешкі, сәндік ешкі, пони, филин, қара аққу, таулы қаз, мандаринка, нутрия және түйеқұс секілді жануарлар мен құстардан төлдеген. Бұл – зоосаябақтағы күтім мен мамандар жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш. Жабайы табиғатта көптеген жануарлар түрлі қауіпке тап болады. Аңшылық, климаттық өзгерістер, қорек тапшылығы, аурулар мен табиғи ортаның тарылуы олардың санын азайтып отыр. Ал зоосаябақ жағдайында жануарлар тұрақты азықпен, ветеринарлық бақылаумен және қауіпсіз ортамен қамтамасыз етіледі. Сондықтан әлемдік тәжірибеде көптеген сирек жануар түрлерін сақтап қалуда зоосаябақтардың рөлі ерекше бағаланады. Мәселен, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы жануарларды күтіп-бағу барысында заманауи ғылыми әдістерді қолдануға ерекше көңіл бөлуде. Зообақта амур жолбарысы, жираф, фенек және өзге де жануарларға арналған арнайы бағдарламалар ұйымдастырылып, олардың табиғи қорек іздеу, аңшылық және қозғалу дағдыларын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл тәсілдер жануарлардың белсенділігін арттырып, күйзелісті азайтуға және табиғи ортаға жақын жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәл осы аңдарды тамашалауға келетін туристердің де саны жыл сайын артып келеді.  Соңғы екі жылдағы көрсеткіштер Шымкент зоосаябағына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын байқатады. 2024 жылы зоосаябаққа 536 577 адам келген болса, 2025 жылы келушілер саны 716 247 адамға жеткен. Яғни бір жыл ішінде келушілер саны 179 670 адамға артқан. Бұл көрсеткіш тек демалыс орны ретінде ғана емес, танымдық және мәдени орталық ретіндегі маңызын да айқындай түседі. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін зоосаябақ табиғатпен етене жақындасып, жануарлар әлемін тануға мүмкіндік беретін ерекше кеңістікке айналып отыр. Сонымен қатар жануарлар саны да айтарлықтай өскен. 2024 жылы 305 түрге жататын 3102 жануар болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 307 түрге және 3565 басқа дейін көбейген.

Жастардың тәжірбие алмасу алаңы

Қазіргі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы тұрақты түрде ғылыми-әдістемелік және ағартушылық жұмыстар жүргізіп келеді. Зоосаябақ мектептермен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, оқушылар мен студенттерге арналған түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. Болашақ биолог мамандар үшін өндірістік тәжірибелер өткізіліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік беріледі. Жыл бойы биология апталықтары, танымдық кездесулер, дәрістер, экологиялық түсіндіру шаралары, жануарлар көрмелері ұйымдастырылып келеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің жануарлар әлеміне қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Экологиялық-ағартушылық бағдарламалар аясында құстар, тасбақалар, арыстандар және сирек жануарларды қорғау тақырыптарына арналған арнайы іс-шаралар өткізілген. Квест ойындары, викториналар, шығармашылық байқаулар мен көрнекі азықтандыру бағдарламалары келушілердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен бірге балаларға арналған мәдени-көпшілік бағдарламалар да тұрақты өткізіліп тұрады. Түрлі ойындар, анимациялық қойылымдар мен танымдық сайыстар ұйымдастырылып, келушілер үшін ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырылады.

Инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр

Соңғы жылдары Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағында инфрақұрылымды жаңарту мен абаттандыру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп келеді. Негізгі мақсат — жануарларды күтіп-бағу жағдайын жақсарту және келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру. 2025 жылы зоосаябақ аумағында жануарлар вольерлерін жөндеу, қоршауларды қалпына келтіру, сантехникалық жүйелерді жаңарту және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Маймылдар вольерінің шатыры толық ауыстырылып, қабылан қоршауына жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, аумақты көріктендіру аясында 700 шаршы метр брусчатка төселіп, 4000 шаршы метр аумаққа асфальт жабыны салыныпты. Бұғылар мен алпакаға арналған 1300 шаршы метрлік жаңа қоршау пайдалануға беріліп, қоңыр аю қоршауы толық реконструкциядан өткен. Сондай-ақ тотықұстарға арналған жаздық вольер салынып, келушілерге арналған жаңа санитарлық нысандар іске қосылды. Қараша айында жаяу жүргіншілер жолдары толық жаңартылып, келушілердің қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысына жағдай жасалған. Бұдан бөлек, қысқы маусымға дайындық аясында жылу жүйелері мен қыстық қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде зоосаябақта 110 көлікке арналған екі тегін автотұрақ жұмыс істейді. Аумақта бес дәретхана бар, оның үшеуі жаңадан салынған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен арнайы бөлмелер де қарастырылған. Бұл шаралардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат жануарлар әлемін қорғау және келушілергі қолайлы жағдай жасау. Зоосаябақ аумағында көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Соңғы уақытта мұнда 80 түп ағаш отырғызылып, 2500-ден астам маусымдық гүл егілген. Төрт гүлзар орналастырылып, жасыл аймақтарды күтіп ұстау жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Автоматтандырылған суару жүйелері іске қосылып, келушілер үшін табиғат аясындағы жайлы орта қалыптастырылған.

Жануарларға күтім – басты назарда

Зоосаябақтағы негізгі жауапкершіліктің бірі – жануарлардың денсаулығы мен санитарлық жағдайын сақтау. Бұл бағытта арнайы жоспарлы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бегемоттарға арналған бассейн мен «Кіші көл» айына екі рет толық тазартылып, суы ауыстырылады. Ал шағын бассейндер апта сайын жуылып отырады. Барлық санитарлық жұмыстар ветеринарлық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Жануарлар мен құстар күніне екі рет арнайы бекітілген рацион бойынша азықтандырылады. Бұл жұмыстарды тәжірибелі мамандар бақылауда ұстайды. Қазіргі таңда зоосаябақта 138 штаттық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында биологтар, ветеринарлар, экскурсоводтар және техникалық мамандар бар. Келушілерге төрт биолог-экскурсовод қызмет көрсетеді.

Табиғатқа жанашырлық қалыптастыратын орын

Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы бүгінде жай ғана жануарлар мекені ғана емес. Бұл – табиғатты қорғауды насихаттайтын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын және сирек жануарларды сақтауға үлес қосып отырған маңызды мекеме. Әрине, «жабайы жануар торда өмір сүруге тиіс пе?» деген сұрақ қоғамда әлі де талқылана береді. Бірақ қазіргі экологиялық жағдайды ескерсек, кейбір жануар түрлерін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі – арнайы қорғалатын орталар мен зоосаябақтар екені де шындық. Ең бастысы — жануарларға адамгершілікпен қарап, олардың табиғи қажеттіліктеріне сай жағдай жасау. Бұл бағытта Шымкент зоосаябағында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Инфрақұрылымды жаңарту, жануарларды қорғау, ғылыми-ағартушылық қызметті күшейту және келушілерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.