A place where you need to follow for what happening in world cup

Арандатуға жол берілмеді

Шетелдік диверсанттармен болған айқастағы жеңіс жайлы хикая

89

Мергендер винтовкасынан атылған оқ 13 жасар тәжік қызының өмірін қиып түсті. Оның денесі тамыз айында таңертеңгі уақытта ол пісте терген тау бөктерінен табылды. Бұл оқиға «Висхаровское ущелье» деп аталатын шекаралық бекеттегі қазақстандық позициядан бір жарым шақырым қашықтықта орын алды.

Қазақстан шекара әскерлерінің он бесінші құрама атқыштар батальонының Тәжікстанға келгеніне бір айдай уақыт болған еді. Бөлімше РФ Шекара әскерлері тобының 136-шы шекара отрядының жауапкершілігіндегі бөлігінде Тәжікстан Республикасының Ауғанстанмен арадағы мемлекеттік шекарасының қорғалуын қамтамасыз етіп тұрды. Олардың жауапкершілік аймағында стратегиялық маңызы зор Висхара және Пшихарв шатқалдары бар еді. Аталған уақыт ішінде жас сарбаздар көп нәрсені бастарынан өткеріп үлгерді, ал 1997 жылғы жаздың сол бір күнін олар ұзақ жылдар бойы естеріне сақтап қалды.

 

 

Тоғмай ауылынан шыққан жасөспірімнің өлімі айтып болмас оқиғалардың бастауына айналып жүре берді. Жансыз дененің табылғанына бір сағат өтер-өтпес уақыт аралығында бүкіл қышлақ аяқтарынан тік тұрды. Әйелдер еңіреп, шаштарын жұлды. Еркектер қолдарына кетпен, шот, пышақ, тіпті жай ғана тас ұстап, қаруланып алды.

Ашу-ыза кернеген, кек қайтаруға ниеттенген топ қазақстандық шекарашылар орналасқан жаққа қарай бет алды. Олар тәжікше, орысша қарғыс жаудырып, кек қайтаруды талап етіп, шекаралық бекетке қарай мақсатты түрде келе жатты. Жолындағысының бәрін қиратып, талқандап, бәрін өлтіріп тастауға дайындалып келе жатқан ызалы топтың артынан бірнеше милиция қызметкерлері амалсыз ілесіп отырды…

 

 

Сол күні, нақтырақ айтқанда 21 тамыз күні қолына автоматын ұстаған қазақстандық әскери қызметші Фархат өзіне қандай айып тағыларын сезбестен жайбарақат бекетте тұрды. Жергілікті тұрғындарға несімен жақпай қалғанын түсінбеген сарбаз әуелгіде сасқалақтап, әрі үрейленіп қалды. Тобыр жақындаған сайын ол қолындағы автоматын арық қолдарымен сығымдай ұстады.

Қазбат орналасқан позицияға 10 шақты метр қалғанда аралық жолаққа ҰҚК әскери қарсы барлауының жедел тобы келіп жетті….

Әскери қарсы барлаудың үш қызметкерінен тұратын жедел топ Тәжікстанға 15-ші жеке құрама атқыштар батальонының сапында келген еді. Топтың басшысы капитан В. Ким болды, жедел уәкілдер аға лейтенанттар Е. Кәрбозов пен Е. Жәкішев оған көмек көрсетті.

 

 

Сол бір жайсыз күні жедел топ ертерек тамақтанып, алда тұрған іс-шаралар жоспарын талқылады. Оның үстіне 2 күннен кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік шекараны қорғау күштерінің қолбасшысы келуі тиіс еді. Жоғары басшылыққа учаскедегі жедел жағдайды баяндау үшін оны қосымша зерделеу керек болатындығы айтпаса да түсінікті еді.

Осы кезде рация сөйлеп қоя берді, кезекшінің толқыған дауысы бір баланың өлтірілгенін және жергілікті тұрғындардың Қазбат позициясына қарай келе жатқандығын хабарлады. Үш минуттың ішінде жиналып, бекітілген машинаға қарғып мінген жедел қызметкерлер оқиға орнына қарай зымырады…

 

 

Бұл кезде жергілікті тұрғындар Фархат тұрған бекетке жақындап қалған еді. Кенеттен тура екі ортаға қуатты «Урал» машинасы келіп тоқтай қалды да, одан әскери қарсы барлаушылар секіріп түсті. Жедел топтың командирі агрессивті тобырмен келіссөз жүргізіп жатқан кезде жедел қызметкерлер қорқыныштан дірілдеп тұрған Фархатты сүйреп апарып, машинаға тоғытып жіберді.  Автоматын қысып ұстап, кузовта сұлап жатқан 19 жасар жігітті жедел қызметкерлер жылдамдатып шекара отрядының аумағына алып кетті. Сарбазды талап еткен тобыр шулаған күйі арт жақта қалды…

Нақты айғақ болмаса да, жергілікті құқық қорғау органдары Фархатқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

 

 

Сарбазды шекара отрядының гауптвахтасына жасырып, оған күзет қоюды ұйымдастырған әскери қарсы барлаушылар өздерінің жеке тексерулеріне кірісті. Алғашқы тексеру қазақстандық бекет пен позицияда оқ атылмағандығын көрсетті. Фархатқа бекітіліп берілген қарудан оқ атылмағандығы дәлелденді. Оқиға болған жерге және қыздың мәйітіне жедел қызметкерлер жіберілмеді. «Мұны кім істеді? Не үшін?» — деген басты сұрақтартуындады. Жедел болжамдарды пысықтау жұмыстары басталды.

Қазақстандық және ресейлік шекарашыларға қарсы әртүрлі арандатушылықты дала командирі, Тәжікстанның Қорғаныс министрлігінің бұрынғы полковнигі Джунайдулло Умаровтың басшылығындағы топтар жиі жүргізетін. Ауғанстан аумағындағы мемлекеттік шекара сызығынан 20 шақырым қашықтықтағы Шуриен қышлағына бекініп алған банда асқан қатыгездікпен қимылдайтын. Барлау деректеріне қарағанда олар жақсы қаруланған 150 содырдан тұрады.

 

 

Осы учаскеде Біріккен тәжік оппозициясының және Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясының мүшелері де барлау-бүлдіру жұмыстарымен белсенді түрде айналысты, олардың мақсаттары ахуалды шайқалту еді.

Бірақ бұл бандалық құрылымдар, басшыларын қоса есептегенде, негізінен тәжіктерден тұрады. Сондықтан жасөспірім тәжік қызын өлтіру олар үшін шектен шыққан қатыгездік болар еді, әрі мұндайға жол берілмес еді. Бұған қоса, қайтыс болған қыздың әкесі бандалық құрылымдардың мүшелерімен байланысты қолдап отыратындығы анықталды. Бір сөзбен айтқанда, сансыз сауал қаумалап тұрды.

 

 

Қарсы барлаушылардың бағалы жедел дереккөздерінің бірі — «Висори» дейтін лақап аты бар жергілікті тұрғын еді. Үлкен отбасы бар, ал жалақысы тамағына жетпей отырған отағасы қазақстандық жедел қызметкерлердің азық-түлік түрінде беретін көмегін шын көңілмен қабылдайтын. Бұлар негізінен ұн, нан, консервілер болатын. Өзінің алғысы ретінде қажет ақпараттарды тауып беретін.

Қыздың өлімі кімге тиімді болады деген сұрақтың жауабын табуда «Висори» шешуші рөл атқарды. Одан оқиға болардың алдында аталған шекара учаскесін «Қара құтандар» деген ауғандық топтың кесіп өткендігі туралы ақпарат алынды.

 

 

Ол топ туралы ақпарат әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы келетін. Негізгі болжам бойынша, ол ауған соғысы кезінде құрылған арнайы мақсаттағы диверсиялық-жойғыш отряд. Отряд мүшелері әртүрлі қару-жарақ түрлерін, байланыс құралдарын кәсіби түрде білетін, топографиялық картаны оқи алатын, жақсы дайындалған әскери мамандар болатын. Олар жергілікті жерде бағыттарын оп-оңай таба білетін және тұрмыста күй талғамайтын жандар еді. «Қара құтандар» тобының әр мүшесі әмбебап сарбаз болатын, бір мезгілде радистің, мергеннің, минашының міндеттерін атқара беретін.

«Висоридің» мәліметі бойынша, қыздың өлімі арқылы «Қара құтандар» тобы жергілікті халық пен әскери қызметшілердің арасында қақтығыс отын жақпақшы болған. Осыдан екі ай бұрын қарсылас жақтар бейбіт келісімге қол қойған болатын, ал осыны бұзу үшін, қазақстандық шекарашылардың бейбіт халыққа қарай «оқ атуы» таптырмайтын амал еді.

Қолдағы мәліметтерге талдау жасалғаннан кейін, жалған жаладан әскери қызметшіні арашалау үшін атқарылатын шаралар жоспары жасалды. Фархаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттің бірі болды, ол үшін оны шұғыл түрде елге қайтару керек еді.

Екі күннен кейін келген Қазақстан Мемлекеттік шекарасын қорғау күштерінің қолбасшысына жедел топ басшысы оқиғаның болжамдары туралы айтып, тергеудің аяқталғанын күтпестен сарбазды Тәжікстаннан әкету қажеттігі туралы ұсынысын баяндады. Әскери қарсы барлаушылардың тыңғылықты ұсыныстарымен келіскен генерал сарбазды астыртын түрде тікұшақпен әуелі Душанбеге, одан әрі әскери ұшақпен Алматыға алып кетті.

Енді әскери қарсы барлаушылардың алдында сарбаздың кінәсіз екендігіне жергілікті халықты, оның ішінде қазақстандық шекарашыларды жазалайтындығын мәлімдеп жүрген қыздың әкесін сендіру міндеті тұрды.

Жедел қызметкерлер бұл үшін жергілікті басшылардың бірінің ықпалын қолданды. Ол сарбаздың кінәсіз екендігіне қышлақ тұрғындарын сендірді.

 

 

Жедел қызметкерлердің ой-ниетіне жергілікті ақсақалдармен байланысы бар, әрі ықпалы зор «Висори» да белсенділікпен қосылды. Оның сөзінен кейін ақсақалдардың бірі әскери қарсы барлаушылармен сөйлескісі келіп, оларды «Висори» арқылы қонаққа шақырды.

Ұзақ талқылаудан кейін аға лейтенант Е. Карбозов «Висориға» ілесіп қышлаққа барды. Әскери қарсы барлау офицерінің еліміздің оңтүстік аймағындағы ауылдан шыққандығы да рөл ойнады. Қарапайым диқанның өмірін жақсы білетін аға лейтенанттың әңгімесі, өзін мұқият бақылаған ақсақалдың құрметін оятты. Жедел қызметкердің өзі туралы, үйі, ата-анасы және бала кезінен егістікте атқарған жұмысы туралы айтқан естеліктері әңгіменің шырайын келтірді.

Қыз өлтірілген күні ауғандық моджахедтердің диверсиялық тобының шекараны бұзып өткендігі туралы жедел қызметкер айтқан дерек шырайы келген әңгімеге сенімділік бере түсті. Оны «Висори» да қолдады, ол қазақстандық офицердің сөзін толықтырып, диверсанттардың қатыгездігі туралы әңгімеледі және олардың мақсаты тәжіктер мен қазақтарды араздастыру болғандығын айтты.

 

 

Ақсақал олардың әңгімелерін тыңдап, бір сәт қонақтарына өткір жанарын қадап, ойланып қалды. Бір кезде сәкіден баяу тұрып, үндемеген қалпы ауласының түкпіріне кіріп кетті де, бір уақытта қолына қоразын ұстап қайта шықты. Ол жедел қызметкерге тағы бір рет назар аудара қарап, ата-анасы тәрбиелі ұл өсіргендігін айтып, оған қолындағы қоразын берді. «Висори» бұған күлімсірей қарады. Жол-жөнекей келе жатып ол тәжіктерде ең құрметті қонағына қораз сыйлайтын дәстүр бар екендігін, бұл жақсы белгі екендігін түсіндірді.

Арада уақыт өткенде шекара отрядының басшылығы қыздың өліміне байланысты және басқа да арандатушылықтарға Ауғанстаннан келген диверсиялық топтың қатыстылығын дәлелдейтін айғақтарды ресми билік орындарына берді. Жағдай тұрақтанды.

Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын күзету күштері әскери қарсы барлаушылардың әрекетін жоғары бағалады. Жедел топтың барлық мүшелері ведомстволық наградалармен марапатталды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.