A place where you need to follow for what happening in world cup

Алтынбек Қоразбаев: Өткенімізге қарап, ақыл тоқтатайық, ағайын

198

Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев Қордайдағы жанжалға байланысты пікірін білдіріп, көпті ауызбіршілікке шақырды.

«Қадірлі халқым! Жамбыл өңіріндегі жерлестерім! Кешелі бері айқай-шу көбейіп, естуімше ұлтаралық келіспеушілік болып жатқан көрінеді. Айналайындар, біз қазақ деген кең халықпыз. Құшағымыз да кең. Біз өте саналы да ақылды, барлық жағынан – сауда болсын, өнер болсын бейім халықпыз. Кішкене сабыр сақтаңыздар. Ел ішінде бір-екі бұзық болуы мүмкін. Ол бізде де, басқада да бар. Баяғы соғыс кезінде немістерді, шешендерді, қарашайлар мен украиндарды құшағымызға алған елміз. Әкем тіптен екі бөлмелі кішкентай қоржын тамына алты баласымен бірдей Мұхамет деген қарашай азаматын паналатқан. Ал олар қазір қазақ десе жанын береді. Өткенімізге қарап, ақылға тоқтайық», — дейді Алтынбек Қоразбаев.

Қазақстанның Халық әртісі зайырлы әрі құқықтық мемлекетте істің ақ-қарасы анықталатынына сенім білдірді.

«Жұдырық біздікі екен деп, өктемдік жасамай-ақ қояйық, ағайын. Ақылға тоқтаңдар. Дүнгендер — еңбекқор. Баяғыда есімде Жамбыл облысындағы Улановка деген ауылда дүнгеннен Кеңес одағының еңбек ері болды. Жұмыс десе бұлар құлшына кірісетін. Жер тырмалап жылына үш-төрт рет өнім алып жататын. Кешегі Лондонда өткен Олимпиада ойындарында осы дүнгеннен спортшылар қазақтың көк туын желбіретіп, әлемге қазақты паш етті. Алматыда дүнгеннен композитор досым бар. Ол кісі қазақ десе ішкен асын жерге қояды. Тату-тәтті өмірімізбен басқа елге үлгіміз. Күнде шу мен айқай болып жатса, мұның арты жақсылыққа апармайды. Ақылға келіңдер, айналайындар», — деп сөзін аяқтады Алтынбек Қоразбаев.

Inform.kz

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.