A place where you need to follow for what happening in world cup

Алғыс айту күніндегі айрықша шара

492

Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Рухани жаңғыру» залында 1 наурыз «Nur Otan» партиясы күніне және Алғыс айту күніне орай көпбалалы аналармен кездесу өтті.
Кездесуді аудандық «Халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары Нәзипа Қаттебекова жүргізді.
Кеш шымылдығы ақын Нұржан Әліштің жүрекжарды өлең шумақтарымен ашылды.
Кештің құттықтау сөз кезегі ұйымдастырушы, яғни «Nur Otan» партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова берілді.
-Өздеріңізбен көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында кездесіп, жүздеріңізді көріп, риза болып отырмын. Ана – өмірдің өзегі, береке-бірліктің алтын діңгегі. Он сегіз мың ғаламда анадан ардақты тіршілік иесі жоқ. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулы ананың ақ сүтінен тарайды. Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі сіздерсіздер. Бағзы заманнан әйелдер ерлерге серік, сүйеу болып келеді. Ол үрдіс бүгінде жалғасын табуда. Әйел-аналар барлық салада ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлес қосып келе жатыр. Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан, қашанда тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде де көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар беріп, аталған тапсырмалар аясында аналарымыз мемлекет қолдауына ие болуда. Сіздер секілді батыр аналарымыз көп болсын. Жас қыз-келіншектер өздеріңізден үлгі алуы тиіс. Отбасыларыңызда балалардың саны көбейе берсін. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін. Бүгін сіздермен кездесіп, құттықтау ғана емес, өздеріңізбен сөйлесіп, тыңдау маңызды болып отыр, – деді ол өз сөзінде.
Кездесуде Қазақстанда халықтың, соның ішінде әйелдер мен балалардың материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалып отырғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, шара барысында аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, аудандық мәслихат депутаттары Күлбақыт Айтқұлова, Гүлнәр Мұсаханова және Ерден Намазбаев сөз алып, жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.
Кеште әсем әуенге кезек беріліп, жүректі тебірентер әндер орындалды. Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әншілері Назерке Ахмет, Мадина Свамбаева, Гүлнәр Қашкеева, Толқын Қыстаубаева «Қазақ қызы», «Анашым», «Қара шаңырақ», «Перзент парызы» әндерін шырқады. Ал, Мәлік Мықтыбеков қасиетті қара домбырамен терме орындаса, Гүлнәр Қашкеева мағынасы зор «Жақсылық жасасаң» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Кездесу барысында көпбалалы Райхан Азынабаева, Гүлайша Қадырова сөз алып, тағдыр тауқыметіне мойымайық, өмірімізде тек жақсы күндер көп болсын деген аналық ақ тілектерін білдірді.
Шарада қайырымдылық көмекті көрсетуге демеуші болған партия мүшесі, жеке кәсіпкер Тейгран Аллахвердиев сөз алды.
-Мен осы ауданның төл тумасымен. Көлбастау ауылында туып-өскенмін. Өзім де көпбалалы отбасында тәрбиеленгенмін. Қазіргі таңда жанұям көпбалалы отбасы қатарында. Яғни, көпбалалы әке атанып отырған жайым бар. Міне, сондықтан да бүгінгі айтулы күні сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Осындай күні көпбалалы аналарға көмек қолын созу – менің азаматтық парызым деп білемін, – деп алғысын білдіріп, аналарға ықылас гүлін ұсынды.
Жеке кәсіпкер партиядан көмек сұрап қайырылған шақпақаталық ерлі-зайыптыларға құжаттарын жасауға демеушілік жасап, қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, көмек қолын созушы абзал азамат шара барысында 20 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қайырымдылық жасады.
Жиын соңында құшақтары гүлге толған аналар өздеріне құрмет көрсеткен нұротандықтарға мереке қарсаңында қуаныш сыйлағандары үшін аналық алғыстарын білдірді.

Айгүл АМАНҚҰЛ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.