A place where you need to follow for what happening in world cup

Аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерімен кездесті

217

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақпараттық топ мүшелері, ардагерлер  және облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесуде облыс басшысы Жамбыл өңірінің өткен жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтып, сол қарқынды жоғалтып алмау – басты талап екендігін, бұған дейін облыста қолға алынған игі бастамалар мен жарқын жобалар өз жалғасын табатынын баса айтты. Сонымен қатар, аймақ басшысы ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің өңір иделогиясын көтерудегі ықпалына тоқталып, сол бағытта жүйелі жұмыстар атқарылу керектігін тілге тиек етті.

Бұдан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Солтыбаев  алдыңғы буын-ардагерлер өңір иделогиясын іргелетуге әрқашан дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамыта түсудің маңыздылығын, елдің береке бірлігін арттыруда қоғамның өзара түсіністігі мен жастар арасындағы тәлім-тәрбиеге аса назар аудару керектігіне тоқталды. Бұл орайда ардагерлердің мол тәжірибесін тиімді пайдалану қажет.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметқали Сарыбеков Қордай ауданында орын алған оқиғаның салдары иделогиядағы жұмыстарды күшейту керектігін дәлелдеп бергенін айтып, бұл мәселенің туындау себебі туралы бұған дейін де аз көтерілмегенін жеткізді. Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы ретінде ол Қордайдағы жағдайға қатысты жан-жақты зерттеу-сараптау  шаралары жүргізілгендігіне көңіл аудартты.

Басқосуда өзге де сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, еңбек ардагері Ә.Жолшыбеков,  облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  төрағасы М.Төлепберген, ақын Ү.Битенова, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Ш.Дәулетбаев, «Ақ жол» газетінің Директоры-Бас редакторы К.Сәттібайұлы ардагер-журналист С.Әбсадықұлы және тағы басқалар орамды ойларын ортаға салып, ұтымды ұсыныстарын білдірді.

Айталық Әмзебек  Жолшыбеков азаматтық қоғам дамыған сайын мемлекеттің негізі нығая түсетінін айтса, Мейрамбек Төлепберген ұлттық құндылықтарды барынша насихаттау, ескірген кертартпа дағдылардан арылу, жастар бойындағы кісілік пен кішілік, мәдениеттілік секілді игі қасиеттерді ояту жолындағы жұмыстарды жетілдіруді жеткізді. Сонымен қатар, идеялогияны күшейтудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне тоқталып, облыстық мерзімді басылымдардағы қаламақы жүйесін қайта қалыптастыру мәселесін көтерді.

Өз кезегінде қаламгер Көсемәлі Сәттібаев ғұлама, ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтің 175 жылдықтарын жамбылдықтар жоғары деңгейде атап өту керектігін тілге тиек етіп, олардың қанатты сөздерін жол жиектері мен қоғамдық орындарға  көптеп ілу туралы ұсынысын білдірді.

Тараз қаласындағы Абай есерткішінің пәстеу әрі лайықсыз орында тұрғанын айтып, ақынның еңселі ескерткіші Абай және Көшеней көшелерінің қиылысындағы айналма жолға орнатылса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ортағасырлық «Баласағұн» қалашығына баратын жол  салынса туристердің көптеп баратын тарихи орынға айналарына сенім білдірді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын, билік пен қоғам бірлесе жұмыс жүргізсе айтарлықтай нәтижеге жетуге болатынын, осы орайда ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айрықша атап өтті. Алдағы уақытта олдардан жасақталған ақпараттық топ аудан, ауылдарға барып, ұлттық құндылықтар, береке-бірлік, ел тыныштығы,  жастар тәрбиесі хақында тұрғындармен кездесулер өткізбек.

Көпұлтты еліміздің ынтымағы бәрінен маңызды. Қоғамдағы әрбір келеңсіздіктер үшін әрбіріміз жауаптымыз. Әлеуметтік ортақ жауапкершілік болғанда ғана жемісті жұмыстар жүргізілмек. Облыс әкімі жастар тәрбиесі мен қоғамның дамуында  Абайдың «Толық адам» ілімін, «Қара сөздерін» негізге алудың маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ, той, ас өткізу тәртіптерін реттеуді, ысырапшылдықтан арылу керектігіне көңіл бөлді. Сонымен қатар, барлық мәселе мәмілемен шешілетініне тоқталып, билер кеңесін жаңғыртудың маңыздылығын жеткізді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.