A place where you need to follow for what happening in world cup

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Байзақ ауданына барды

664

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік сала ұйымдарының жұмысымен танысып, шаруа қожалықтары мен өнеркәсіп кәсіпорындарын, шағын және орта бизнес нысандарын аралады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Облыс әкімі аталған аудандағы жұмыс сапарын Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» кооперативінің жай-күйімен танысудан бастады. Аталған кооператив облыс тұрғындарының табысын жақсарту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру аясында құрылған болатын. Бүгінде құрылымға 47,1 миллион теңгеге 12 бірлік техника сатып алынған. Сондай-ақ,  ондағы екі контейнерде аптасына үш тонна жасыл жем өсіруге арналған гидропон жабдығы орнатылған. Өсірілген жем кооператив мүшелеріне сатылатын болады.

Өңір басшысы қанатқақты жобаның аудандағы жүзеге асу қарқыны ойдағы еместігін айтып, белгіленген 10 наурызға дейін қалған 300 миллион теңгені игеру мәселесіне назар аударды.

— Мемлекет жеңілдетілген несиеге қажетті қаражатты бөлді. Енді  бірлесіп жұмыс істеу керек. Сол кезде ғана мәселелерді тиімді шешуге болады.  Мұндай жақсы бастаманың жемісті болуы сіздерге байланысты болып отыр. Басты міндеттердің бірі – облыс бойынша мал басын арттыру. Сондықтан малды  еліміздің басқа аймақтарынан, көршілес мемлекеттерден сатып алу бойынша әрекет ету керек. Өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімі тарапынан әлсіз орындалуда,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Айта кетейік, аудандағы сегіз білім беру ордасында орын тапшылығы байқалуде десек, бұл мәселе Бурыл ауылындағы орта мектепке де тән. Ауылдағы туу көрсеткіші мен халықтың көшіп келу қарқынының жоғары. Осы орайда елді мекенде 300 орындық үшінші мектеп салу жоспарлануда.

Бұл орайда ауданның Тараз қаласына жақын орналасуы бірқатар мәселердің туындауына себеп болып отырғандығы жасырын емес. Солардың бірі – жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерінің жетіспеушілігі. Жалпы аудан бойынша  жер телімдерін беру 2006 жылы басталғандығын тілге тиек еткен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов аудан орталығы – Сарыкемер ауылында көпқабатты тұрғын үй массивінің құрылысын бастау туралы ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде бурылдықтар мектепті күрделі жөндеуден өткізуді өтініп, жол қозғалысының жоғары қарқынына, жол-көлік оқиғасының  артуына, спорт мектебінің жоқтығына, ауылдағы егін жинау техникасының жетіспеушілігіне қатысты шағымдарын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы шаруалардың басым бөлігінінің иелігінде бар-жоғы 5-10 гектардан жер бар десек, олардың техника сатып алуға айналым қаражатының жоқтығын айтпасақ та түсінікті. Дегенмен, ауылдықтар бірлесіп әрекет етуге ыңғай танытпауда.

— Ұсақ шаруа қожалықтары қашан да сапалы тұқым, техника, тыңайтқыш сатып алу  мәселелерін бастан кешіп келеді.  Осы орайда бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығы зор. Бұл табысқа жетудің жалғыз жолы, — деді Б. Сапарбаев.

Ауылдықтармен кездесуде өңір басшысы мал дәрігерлік пунктінің құрылысын жүргізуге, мектеп пен көшелерді жөндеуге көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қатысушылардың санын арттыру туралы ұсыныс жолданғанын жеткізді.

— Колледж түлектерінің көбі жұмыссыздар қатарын толықтырады. Осыған аса назар аударып отырмыз. Енді олар тек жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандар даярлайтын болады, — деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Өткен жылы аудан кәсіпкерлері 58,8 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, ол жалпы өнімнің үлесі 32 пайызын құрайды. Күнбағыс майын шығаратын «Тараз май» кәсіпорнында өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту жайы сараланды.

Айта кету керек, коммуналдық қызметтер тарифтерінің жоғарылығы, айналым қаражатының жетіспеушілігі саладағы басты мәселердің біріне айналып отыр. Сондай-ақ, өңірдегі 50 га алма өсірумен айналысатын «Kaz Eco Fruit» компаниясына тоңазытқыш жабдығын орнату үшін бөлек электрберу желісін тарту қажеттігі де айтылды. Ал,  «Алель Агро» ЖШС Жамбыл филиалы құс фабрикасын салуды көздеп отыр. Алайда, жергілікті қосалқы станцияға қосылуы, Тараз қаласынан құс етін өңдейтін зауыт үшін ғимарат табу – қиынға соғып отыр. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 40 мың тонна құс етін өндеуге шақталса, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бүгінде аудандағы «Әулие – Ата Феникс» құс фабрикасы 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабрика голландиялық технология бойынша жұмыс істеуде. Онда әлеуметтік пакет, жақсы жалақы қарастырылған. Тіпті, ай сайын қызметкерлерге 20 келі тауық еті беріліп отырады екен. Бердібек Сапарбаев кәсіпорын цехтарын аралап, технологиялық үдеріс барысымен танысып, ұжыммен әңгімелесті.

«Жасұлан Флора» ЖШС жылыжайларында да голландиялық технологиялар қолданылуда. Онда ландшафты, негізінен петунь гүл тұқымдары өсірілуде. Пеларгония гүлдердің қымбат және таңдаулы түрлері де кездеседі.  Олардың мың данасы 64 евро тұрады. Серіктестіктің раушан, тамариск сирень, рябин тұқымдарын өсіретін өз тәлімбағы да  бар екен. Кәсіпорын Қазақстанның көптеген қалаларында, соның ішінде Елордада да ландшафтық дизайнмен айналысу ісін жолға қойып алған.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Сарыкемер ауылындағы Н. Киікбаев атындағы мектептің үш түлегі  «Алтын белгіге» ие болған болатын. Онда 1,8 мыңнан астам оқушы білім алуда.  Ағымдағы жылдан бастап оқу ордасында «Болашақ мектебі бүгінгі» жобасы жүзеге асырылуда. Мектептегі әрбір баланың арнайы карточкасы бар,  сол арқылы сабаққа келу және кету уақыты бақылауға алынған. Білім беру мекемесінде 53 бейнекамера орнатылып, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталынуда. Б. Сапарбаев мектеп асханасындағы сапаға зер салып, ата-аналармен және педагогтармен кездесті.

— Біз үшін ең бастысы – жас ұрпаққа білім беру мен тәрбие жұмыстарының сапасы болу керек. Ата — аналар мектеппен тығыз байланыс орнатып, туындаған мәселелерді бірлесіп шешуі тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.

Орталық ауруханаға ат басын бұрған Б. Сапарбаев аудан тұрғындарын МӘМС-ке тіркеу қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда сақтандырумен 7121 адам қамтылмай отыр десек, бұл тұрғыдағы жұмыстарға  еріктілер белсене атсалысуда екен. Халық арасында тиісті буклеттер мен жаднамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

250 келушіге арналған аудандық емхананы кеңейту мәселесі көтерілді. 60 мыңнан астам тұрғыны бар жақын маңдағы ауылдарға қолайлы болу үшін аудан басшысы Нұржан Нұржігітов алдағы уақытта жол бойынан жаңа аурухана салуға қатысты ұсынысын жеткізді.

 «Бұл тұрғыда қажетті инфрақұрылым мен көлік қатынасын ескере отырып,  мұқият зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет», — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жастар ресурстық орталығы мен №3 колледжде өткен  кездесулерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыға түсті.

— Жастар, өзінің теріс мақсатына пайдаланатын арандатушыларға ешқашан ермеңіздер, — деді  Б.Сапарбаев өскелең  ұрпақтың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы аудандағы А.Суханбаев атындағы саябаққа арнайы барды. Онда «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алған жас кәсіпкерлер өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге негізінен сүт өнімдері, ұлттық киім және жаңа өнім – жеміс чипсилері қойылды. Облыс әкімі жас кәсіпкерлердің талабы мен белсенділігін жоғары бағалап,  оларды жеткен жетістіктермен тоқтап қалмауға және жаңа биіктіктерді бағындыруға шақырды.

№2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шұғылданатын балалардың жеңіске деген құштарлығы сүйсіндірмей қоймайды. Мұнда балалар спорттың 14 түрі бойынша жаттығуда. Мекеменің табиғи төсеніштен құралған футбол алаңы,теннис корты жұмыс істейді.

Сарыкемер ауылының мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесу барысында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Байзақтықтар жаңа мектептер, орталық кәріз, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру мәселелерін көтерді.

— Біз ең бастысы – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауымыз керек. Сонда ғана экономика, ауыл шаруашылық, басқа да салаларда табысқа қол жеткізу болады. Жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру, шаруа қожалықтарын ірілендіру, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың пилоттық жобасын жедел іске асыру, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттеріне айрықша басымдық беру қажет. Атқаратын жұмыс көп. Біз тек  бірлесіп әрекет еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз, — деп түйіндеді  өз сіөзін Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.