Биыл қазақтың бас ақыны, ойшыл, философ, аудармашы, композитор, ғұлама ғалым, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының 177 жылдығы. Осыған орай, Тengrinews.kz тілшісі Қазақстан бойынша қанша елді мекенге Абай есімі берілгенін анықтап шықты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 38 елді мекенге Абай Құнанбайұлының есімі берілген.
Оның біреуі облыс, үшеуі аудан, біреуі қала, оны ауылдық округ, жиырма төрті ауыл.
Абайдың есімі берілген ауылдар санынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Бір облыста жеті ауыл, екі ауылдық округ бар екен. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы. Бұл облыста бір ауыл, бір қала, екі ауылдық округ, бір ауыл бар.
Сондай-ақ, Қазақстанда ұлы ақынның 17 674 аттасы бар екен. Түркістан облысында — 2100, Алматы облысында — 2062, ал Нұр-Сұлтан қаласында — 1610 Абай есімді қазақстандық тұрады.