A place where you need to follow for what happening in world cup

«е-Өтініш» жобасы бұқара мен биліктің байланысын нығайтады

687

Кеше Қазақстан Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігі өтініштерді бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған арнайы жұмыс тобы облысымызға жұмыс сапарымен келді. Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексті өңірлерде жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен мәртебелі меймандар алдымен аймақтық Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, онда «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбек жаңа нысанның мүмкіндіктері мен тиімділіктерін әңгімеледі. Осындай жүйе Тараз қаласындағы Жүйелі құқық бұзушылықтар бойынша құқықтық мониторинг орталығында да ірге қалаған. Мұның жұмысы жайында баяндаған Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыстық басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов орталықта 6 топ орналасқанын, соның бірегейі «е-Өтініш» жобасын іске асыру жөніндегі топ екенін алға тартты.
«Біздің бастамамыз бойынша орталық алаңы мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсету мақсатында екі бағытты біріктірді. Оның бірі әдістемелік қолдау көрсету болса, келесісі – практикалық оқыту. Жаңа жобаны іске асыру жөніндегі топ өз қызметін жақында ғана бастады. Мұнда бірқатар департаменттердің, тексеру комиссиясының, қала, облыс әкімі аппараттарының және басқа да қызметкерлердің бекітілген кестеге сәйкес өтініштері қабылданады, өңделеді және заңдық нормаларды түсіндірудің бірыңғай жүйесін пайдалану кезінде туындайтын проблемалық мәселелері шешіледі. Бұл тәжірибе мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауда оң нәтиже көрсетіп отыр», — деп атап өтті ол.
Орталықта барлығы 31 ведомствоаралық іс-шара өтсе, оның 6-уы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс пен «е-Өтініш» жобасының нормаларын түсіндіруге бағытталған. Бүгінде орталықтың қызметі мен алаңын 210-нан астам мемлекеттік қызметші мен 48 азамат пайдаланыпты.
Келесі кезекте Тамара Қасымқызы бастаған топ, облыстық әкімдікке барып, жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілерімен, аудан әкімдерімен кездесті. Онда Президенттің көмекшісі 1 шілдеден бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енетінін мәлімдеп, соның негізінде азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініштері «е-Өтініш» базасына енетінін жеткізді. Жиынды жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевтің сөзінше, бұл жүйе өтініш берушімен кері байланыс ұстап, мемлекеттік органдардың жұмысына баға беруге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар арыз-шағымдардың жауапсыз қалуының алдын алып, салада бірыңғай тәжірибені қалыптастырмақ.
Осындай жиын Тараз өңірлік университетінде қалалық әкімдік қызметкерлерінің және бірқатар ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Онда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев сөз сөйлеп, пилоттық жобаны енгізу үшін 34 мекеменің тізімі жасақталғанын жеткізді. Қазіргі таңда 682 жұмыс орны анықталып, барлық орындарға ақпараттық жүйе орнатылған. Жыл басынан бері «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 9 625 өтініш тіркеліп үлгерген. Яғни, қала мекемелері тарапынан ақпараттық жүйемен жұмыс жүргізілуде және мамандарды оқыту, дайындау жұмыстары қолға алынуда.
Жиында сөз алған Тамара Дүйсенова «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізудің өзектігілі мен маңыздылығын, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жұмысын кеңінен түсіндірді. «Президент былтырғы маусымда қол қойған Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Қоғамдық әлеуметтік белсенділікті ескерсек, бұл құжаттың маңыздылығын түсінуге болады. Халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Барлық ақпарат сол жерде жинақталады. Басты ұстаным – азаматтар өтінішіне сапалы жауап беру», – деді Президент көмекшісі.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қаралады екен. Тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауапқа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәләлдейді. Бұл ретте жаңа әкімшілік соттар құрылады.
Жоғарыда айтылғандай, аталған жүйе өңірге де енгізіліп, дамытылуда. Заңнаманы мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Қажетті дәлелдер келтіріп, оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, құжаттарды ұсыну құқығына да ие болады.
«Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейді. Өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады», — деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігі өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісі бастаған жұмыс тобы Тараз қаласында қоғам белсенділерімен де жүздесіп, пилоттық жобаны оларға да түсіндірді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы ерекшеліктері мен өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың мүмкіндіктері туралы айтты.
«Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап-арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін сот өтініш берушілерге талап-арызды дұрыс жазуға көмектесетін болады. Судья «белсенді» және «сөйлеуші» болады, арызданушыға мүддесін қорғауда көмектеседі. Бұндай өзгеріс Латвия, Грузия, Молдова, Әзірбайжан және басқа да мемлекеттерде сәтті іске асырылып келеді», — деді Тамара Қасымқызы.
Жұмысшы топтың өңірдегі сапары Жамбыл ауданында жалғасын тауып, әкімдіктің мәжіліс залында актив жиыны өтті. Онда да Т.Дүйсенова жаңа жүйенің артықшылықтары мен маңыздылығын жан-жақты әңгімелеп, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға орнықты жауап қайырды.
Жиыннан соң алқалы топ Қарасу ауылдық округіне барып, әкімдіктің жұмысына ден қойды, келіп түскен сауалдар легіне назар аударды. Ауыл тұрғындарына да пилоттық жүйенің тиімділігі егжей-тегжейлі түсіндіріп, бұл бұқара мен биліктің қарым-қатынасын нығайта түсетініне сендірді.
Жұмысшы топ соңында Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі кесенесіне барды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.