Су –тіршілік көзі екені анық. Таза және қауіпсіз ауыз суға деген мүмкіншілік адамның негізгі сұраныстарының бірі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Жыл өткен сайын халық үшін маңызды болып отырған ауыз су мәселесінің де шешімі табылып келеді.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мойынқұм ауылындағы 18 көшенің, 18 шақырым жеріндегі әртүрлі диаметрлі шіріген су құбырларын ауыстыруды бастаған болатын. Ол үшін қазынадан 214 млн. теңге бөлінген. Оны «Мегарон» ЖШС ұтып алып, қазіргі уақытта жерді қазу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне байланысты Похаленко, Ә.Жапаров, Б.Майлин көшелеріне таза ауыз су жеткізілді.
Бұрын бұл көшелерге су құбыры тартылғанымен, маусым, шілде айларында мүлдем су келмейтін. Қазір бұл мәселенің барлығы шешіліп, көше тұрғындарының қуаныштарында шек жоқ.
– Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында міне ауламызға су кіріп, қуанып қалдық. Бұрын шілде айында сусыз отыратынбыз. Міне мемлекетіміздің және аудан басшыларының арқасында ауыз суға қол жеткізіп отырмыз. Үйімізде тамағымыз істеліп, кіріміз жуылып, көптеген мәселелеріміз шешіліп қалды. Жұрттың бәрі қалаға ұмтылады, егер ауылда осындай жағдайды үкімет жасап қойса, ешкім ешқайда кетпес еді, — дейді ауыл тұрғыны Бекқұлы Қалиакпаров.
Сапалы ауыз судың шапағатын көріп отырған ауыл тұрғындарының бірі Еділ Қожамұратов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында атқарылған игі бастамаға дән риза.
– Бұрын суды ауламызда тұрған құдықтан алатынбыз. Су ішуге жарамайтын. Қазір көшемізге су тартылып, ауламызға ауыз су жетті. Шынын айту керек, рахатын көріп жатырмыз. Су таза, әрі жұмсақ. Судың берілу екпіні де қатты. Жақсы болды. Ауыл адамының еңбегі көп қой. Осындай тұрмыстық жағдайларымыз түзеліп жатса қандай жақсы- дейді Еділ Қожамұратов.
— Ауыз судан 3 жыл бойы таршылық көріп келеміз. Әсіресе жаз айларында ауыз су мүлдем жетпейтін, көлікпен тасып тұратын. Міне көшеміздегі құбырлардың жөнделуіне байланысты ауламызға ауыз су келіп отыр. Осы істің басы-қасында жүрген қызметкерлерге алғысым шексіз дейді,- көше тұрғыны Арзан апа.
Таза әрі сапалы тіршілік нәріне қол жеткізу тұрғындардың талай жылғы арманы болатын. Мемлекет қамқорлығының арқасында бұл қиындықтар артта қалды.
-«Мегарон» фирмасы 18 көшенің, 18 шақырым жеріне әртүрлі диаметрлі шіріген су құбырларын ауыстыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Бізбен фирма арасында келісім-шарт жасалған. Ауылдағы негізгі мәселелердің бірі — Похаленко, Ә.Жапаров және Б.Майлин көшелеріне ауыз су жеткізу болатын. Бұл көшелерге жаз айларында су мүлдем шықпайтын. Тек күз-қыс уақыттарында ғана берілетін. Қазіргі таңда бұл мәселе шешіліп, аталмыш көшелерге су беріліп отыр, — дейді округ әкімі Мақсат Мыңбаев.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
Мойынқұм ауданы
Суретті түсірген автор.