Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Амангелді Нәметқұловтың төрағалығымен өткен аудан әкімі аппаратының кезекті отырысына аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Онда аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Т.Әділбаев «Бюджет қаражатының 9 айда игерілуі және өзекті мәселелер туралы», аудан әкімі аппаратының басшысы М.Көшкімбаев «Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың аудан әкімдерін қабылдауы нәтижесінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы», «Аудан әкімінің ауыл тұрғындары алдында есеп беру, кездесулерінде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу іс-шарасы, аудан әкімінің 11.02.20 жылғы №37 қаулысының орындалуы туралы», аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Т.Рыстанбаева «Міндетті әлеуметтік –медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері туралы», аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Исақов «Елді мекендердегі күзгі екі айлық көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының барысы туралы», аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Мұқашев «Аудан күндерінің Шу ауданы, Тараз қаласында өткізудің дайындығы туралы» баяндады.
Қаралған мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлер де айтылды.
Отырыста басқа да мәселелер қаралып, ол бойынша тиісті азаматтарға нақты тапсырмалар берілді. Жиналғандарға коронавирус пандемиясына байланысты карантин алынғанымен шектеулер алынбағаны ескертілді. Халық арасында бұл жұмысты жүйелі жүргізу үшін мобильдік топ жетекшілері, полиция, ішкі саясат бөлімі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, аудандық «Мойынқұм таңы» газеті редакциясына нақты тапсырмалар берілді.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы А.Нәметқұлов қаралып отырған мәселелердің барлығы да өзекті екенін айта келіп, оны сапалы, дер кезінде орындауды ауыл, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшыларына тапсырды.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
Мойынқұм ауданы.
Суретті түсірген А.Әлтай.