Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі әрбір қазақ үшін қастерлі һәм қасиетті екені сөзсіз. Көзі тірісінде «Халқым ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсатпен еншілес болды. Соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден талмаймын» деген халықтың пейілі кең перзенті, дархан дала дарабозы Дінмұхамед атамыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деген өнегелі сөздің үдесінен шыға алған ғасырда бір туатын кемеңгері, елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы.
Кішіпейілділігі кісі мақтағандай Димекең көзі тірісінде ел тізгінінде жүргенде Шу өңіріне бірнеше мәрте ат басын бұрып, ауданның көркеюі жолындағы бастамалардың нәтижелі болуына атсалысқанын алдыңғы толқын ағалар жақсы біледі. Ол кісінің есімі ұрпақтар жадында ғасырлар бойы жасайтын болады. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі: «Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары ақиқат» деген еді. Ауданда Төле би атымен аталатын мектептің барын ескерсек, Қонаевтың атымен аталатын ауылымыздағы мектепке дара тұлғаның аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Бүтіндей бір ауылдың және сондағы мектептің бір атпен аталуы бізге таңсық емес. Ұсынысымыз бір ауыздан мақұлданса, биылғы Шу ауданының 90 жылдығы қарсаңында бізге берілген сыйдың төресі болмақ. Ел ертеңі-білімді болашақ десек, ұрпағымыз елдің бағына туып, халқы үшін жанын аямай қызмет еткен арда ұлдарын танып-біліп өскені абзал.
Б.ДОСЫМБЕКОВ,
Қонаев ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.