Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Парламенттің қос палатасының сүзгісінен өткен «Ардагерлер туралы» Заңға қол қойды.
Заң 18 баптан тұрады. Мұнда ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын бес санаты мен оларды әлеуметтік қолдау шаралары көрініс тапқан. Ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын бес санаты мыналар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері және Заң күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар.
Заңға сәйкес Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, сонымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады.
Сонымен қатар, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына Ауған жауынгерлерінен басқа 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент қосылған.
Нұрғиса АЛАГӨЗ,
аудандық заң кеңесінің қорғаушысы.
Бауыржан Момышұлы ауылы.