A place where you need to follow for what happening in world cup

Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы

198

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтымыздың рухын көтеріп, мәдени мұраларын түгендеуге, ұлттық кодымызды сақтауға сүбелі үлес қосып келе жатқаны белгілі. Аталған мақала аясында бірқатар шаралар қолға алынып, бұл игі істер ұлтымызды қайта түлетуге күш салуда. Ұлттың түлегені, халықтың рухани тұрғыдан кемелденуі жарқын болашағымызға да елеулі әсер ететіні анық.

Елбасының бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» делінген.
Жаугершілік замандарда ел мен жерді қорғау жолында ерен ерлік көрсетіп, ұрпақтарын да отаншылдық рухта тәрбиелеп, кейінгіге Ұлы даланы аманаттап кеткен батырлар біздің Жуалы өлкесінде де бар. Қазір бұл қасиетті мекен «Батырлар мен генералдардың елі» деп аталады. Олай болатыны, жас ұрпақ сонау жоңғар-қалмақтардың қазақ жеріне шапқыншылығы тұсында, одан кейін де ел қорғаған жаужүрек батыр бабаларының ерліктерімен мақтанады. Бұлай болуын заңды құбылыс деп білеміз.

Бабалар алдындағы перзенттік парызды орындау міндетін ұстанған жуалылық жұртшылық тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда-ақ ата-бабаларының есімін, ерлік істерін жаңғырту мақсатында ескерткіш-кесенелер салдыра бастады. Аудан орталығында алғаш болып тұрғызылған ескерткіштердің бірі – Рысбек батыр Шінетұлының ескерткіші болатын. Баба ұрпақтары тұрғызған бұл ескерткіш 1994-ші жылы салынған. Сол тұста ел қорғаған ерен ер Рысбек батыр бабаның рухына, сондай-ақ, жаугершілік заманда ел қорғау жолында шейіт болған ата-бабаларға арнап, ат шаптырылып, ас берілген болатын.
Ескерткіш маңына Жуалы жерін ежелден ен жайлайтын Шымыр руының бір бұтағы Бақтияр, Садыбай, Байтана сынды батыр бабалардың ұрпақтары, сонымен қатар, Құлый бабаның осындағы ұрпақтары зәулім кесене салдырды. Қазір бұл қасиетті орынға адамдар алыс-жақыннан зиярат етуге келетін көрінеді. Мұны бізге 20 жылдан бері кесененің шырақшысы Сәрсенғали Шәмшиев айтқан болатын. Кесене маңынан шығып жатқан қасиетті бұлақ суының емдік қасиеті бар екені аудан тұрғындары арасында бұрыннан-ақ айтылып жүр.
Жақында баба ұрпақтары Байтана, Құлый бабалардың кесенелері мен Рысбек батыр Шінетұлының ескерткішінің маңын қайтадан абаттандыруды қолға алған болатын. Қасиетті орын аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды біз де барып көрген едік.
-Көктем жаңару мен рухани тұрғыдан қайта түлеу мезгілі болып саналатыны белгілі. Байтана және Құлый бабалардың ұрпақтары бірлесіп Бақтияр, Садыбай, Байтана, Құлый бабаларға арнап салынған кесене маңын абаттандарып жатырмыз. Осыған дейін бұл қасиетті орынның аумағы түгелдей темір қоршаумен қоршалып, кесененің айналасына сәндік және жеміс ағаштары егілген болатын. Су сорғы арқылы жер астынан су шығарылып, аумақты гүлдендіріп келеміз. Биылғы жылы кесене аумағында бос жатқан жерге арпа мен жоңышқа, алма ағашының көшеттерін, гүл ектік. Кесенелердің қасбеттерін сырлап, жан-жағын тазалап, барынша абаттандыруға күш салып жатырмыз.
Кесене аумағында орналасқан Рысбек батыр Шінетұлының ескерткіші ұрпақтарының күшімен сырланып, ретке келтірілу үстінде. Мұнда 20 жылдан бері жыл он екі ай бойы Сәрсенғали есімді ағайын ініміз шырақшы болып отыр. Кесененің аумағын күтіп-баптайды. Бабалардың әруағына Құран бағыштап, зиярат етіп келген кісілерге кесенені таныстырады. Кесенелердің маңын абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады,- дейді осы игілікті істің басы-қасында жүрген Қайрат ауылының қадірлі ақсақалы, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы.
Айта кету керек, Аманжол қажының бастамасымен өткен жылы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті мекен Момышбұлағының басына да жеміс ағаштары, сәндік ағаштар егілген болатын. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына байланысты Момышбұлақтың айналасы қоршалып, бұл аумақ түгелдей жаңғыртылмақшы. Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиевтің айтуынша, бұл мақсатқа тиісті қаражат бөлініп, жеңімпаз мердігер компания да анықталған. Төтенше жағдай режіміне байланысты жұмыс әлі басталған жоқ.
Рухани жаңғыруға негізделген Елбасы мақаласында жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар туралы ұғымды сіңіру керектігі де кеңінен айтылып отыр. Осы орайда республика көлемінде қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Момышбұлағының айналасы осы уақытқа дейін қараусыз жатты. Бұл – ең алдымен біздің елдігімізге, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының жерлестері екендігімізге үлкен сын болмақ.
Бір өкініштісі, өткен жылы Мыңбұлақ ауылдық округі әкімшілігінің тарапынан Момышбұлағының айналасын қоршау жұмыстары басталып, белгісіз себептермен бұл жұмыс соңына дейін жеткен жоқ. Қоршаудың жартысын «белгісіз біреулер» талқандап кеткен екен. Соның салдарынан күздің күні аумаққа егілген ағаштар мен гүлдерді малдар жеп, қалғанын сындырып тастаған. Қасиетті орын саналатын Момышбұлағының айналасын абаттандыруды ниет етіп, өзі де сол игі істің басы-қасында жүрген азамат Аманжол қажы Дүрәліұлы қасиетті бұлақ басын жаңғырту жұмыстары тағы да аяқсыз қала ма деген деген күдігін де жасырмады. Осы ретте мердігер компания мен осыған жауапты тұлғалар батыр баба мен ерлік алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпаса игі…

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.