Жуалы ауданы негізінен аграрлы аудан. Яғни, халықтың басты кәсібі – мал мен егін шаруашылығы. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда Аллаға шүкір, халықтың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ірі шаруа қожалықтарымыздың да қатары көбеюде, мал саны артуда.
Өткен жылы облысымызда қолға алынған ауыл халқының тұрмысын көтеру мақсатындағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да халыққа пайдасы көп тиді. Осы бағдарламаға енген ауылдық округтердің тұрмысы едәуір көтерілді. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несиемен мал алып, егін, бау-бақша өнімдерін егіп жұмысты болып, қуанып жатыр. Біздің ауданда осы жобаға енген Ақтөбе ауылдық округіндегі халық бүгінде қызу жұмыс үстінде.
Ауылдық округте жобаға қатысушы 444 аула жобаның барлық бағыттары бойынша қаржыландырумен қамтылған.
Жобаның екінші «Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» бағытына қатысушы 195 ауыл тұрғынының «Тараз» ӘКК-не 559,9 млн теңгеге берген өтінімдері қанағаттандырылды. Өтінім бойынша сатып алынатын мал басы – 2347 бас болса, бүгінде 181 адам 542 млн теңгеге 2227 бас сатып алды. Оның 686 жылқы, 492 мүйізді ірі қара болса, 10498-ы қой-ешкі.
Жобаның төртінші «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру» бағыты бойынша пилоттық өңірде құрамында 207 мүшесі бар «Атамекен-Бастау» ЖШС құрылып, іске кірісіп кетті. Кооператив 93,8 млн теңгеге тіркемелерімен және агрегаттарымен бірге 19 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Бүгінде ауылдық округте қызу жұмыс жүруде. Егін алқаптарына арпа, бидай, жоңышқа егілсе, үй іргесіндегі жерлеріне картоп, қырыққабат, қызанақ егіледі. Ауылда мал басы көбейіп, малшылар бұрынғыдай ауыл болып емес, көше-көше болып малдарын бағуда.
Ырысы тасыған ауыл әкімі Арабхан Заппаровтың ауылдық округке басшылық еткеніне биыл жеті жыл. Ауылдық округ аудан басшыларының қолдауымен, ауыл әкімінің басшылығымен, ауыл халқының ауызбіршілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында көркейіп келеді.
-Ауылдық округке қарасты төрт елді мекенде 658 отбасында 2645 жан тұрады. Окруігіміздегі мал саны — 2571 бас мүйізді ірі қара, 880 бас жылқы және 3919 бас қой мен ешкі.
Округ аумағында екі мектеп, екі балабақша, бір мәдениет үйі, бір ауылдық клуб, бір дәрігерлік амбулатория, бір фельдшерлік акушерлік пункт, бір пошта байланыс бөлімшесі бар. Сонымен бірге ауылдық окургте «Ақсуат» шекара заставасы орналасқан. Ауылдық округ тұрғындары газбен қамтамасыз етілген.
Ауылдық округімізде қазақ халқымен бірге алты түрлі ұлт өкілдері тұрады. Атап айтқанда, орыстар, украиндар, немістер, белорустар, татарлар және бір поляк тұрғынымыз бар. Ауыл тұрғындары бір-бірімен сыйласып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Ауылдарымыздағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Кейбір сөйлей алмайтындардың өзі жақсы түсінеді. Ауыл халқы ұлттық мерекелеріміз, мемлекеттік мерекелерімізге біркісідей атсалысады. Тіпті қазаққа келін болып отырған өзге ұлттың қыздары да бар.
Ауылдық окургімізде 97 шаруа қожалық тіркелген. Оның ішінде ірі шаруа қожалықтары – 24. Одан басқа жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар да бар.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасының мақсаты – әр отбасының табысын арттыру. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы ауылға қажетті өнімдерді сол ауылдың өзінде өндіретіндей жаңа кәсіп түрлерін ашып, дамытып жұмыссыздықты жою. Сондықтан алдағы басты жоспарымыз — жоба аясындағы жұмыстарымыз өз нәтижесін беруіне бар күш-жігерімізбен еңбек етіп, бұдан басқа да кәсіп көздерін ашып, ауыл халқының жағдайын көтеру, ауылды гүлдендіру,- дейді Арабхан Расылханұлы.
Иә, бақ та, береке де ынтымағы жарасқан, еңбекқор елде. Сондықтан Ақтөбе ауылдық окургінің ырысы тасып, ауызбіршілігі арта берсін демекпіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ