Елдегі төтенше жағдай режіміне қарамастан аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Оған аудан әкімшілігінің тарапынан толықтай мүмкіншіліктер қарастырылып отыр. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың мәліметінше, жуалылық шаруалар биылғы жылдың өнімі үшін 27 мың 730 гектар алқапқа ақ егіс еккен. Одан бөлек, мал азығы үшін жоңышқа, жүгері алқаптарының көлемі де артып отыр. Атап айтқанда, ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында орын тепкен «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал азығын өз шаруашылықтарында дайындайды. Аудандағы бірден-бір үлкен шаруашылық жыл сайын 500 гектарға жуық алқапқа дәндік және сүрлемдік жүгері егіп, мал азығының сапалы болуына баса мән береді. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша биылғы жылы да 500 гектарға жуық алқапқа жүгері егілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әрі төтенше жағдай кезінде шаруалардың хал-жағдайымен танысу мақсатында аудан әкімі Нарбай Ергебеков апта басында Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-на барды. Аудан басшысы алдымен шаруашылықтың жаңадан салынып жатқан мал азығын сақтайтын қоймасының құрылысымен танысты. Құрылыстың барысы туралы серіктестіктің басшысы Егор Кох айтып берді.
Сонымен бірге, аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы аталған серіктестік жұмысшыларының күшімен атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстарының барысымен де танысты. Серіктестік ақ егісті аяқтап болып, енді мал азығы үшін 500 гектар алқапқа дәндік және сүрлемдік жүгері егуде. Нұрлыкент ауылынан Күйік бағытындағы үлкен күре жолдың бойындағы алқап басындағы көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде.
Шаруашылықтың агрономы Мирали Өтенов бізге көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
–Мен «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде агроном болып жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің агрономия факультетін бітіріп келген соң бірден ауылдағы осы шаруашылыққа жұмысқа қабылдандым. Аталған шаруашылық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Малға қажетті азықты да өзімізде дайындаймыз. Мал азығының егілу технологиясына баса мән берілмесе алқаптан алынатын өнімнің де сапасы жақсы болмайды. Сол себептен, егістікті тиісті агротехникалық шараларды қолдану арқылы егіп жатырмыз. Дәл қазір дәндік және сүрлемдік жүгері егудеміз. Жүгерінің «Сармат» және «Елена» деп аталатын Украйнадан әкелінген сортын егілуде. Жүгерінің бұл тұқымы мол өнім береді. Әбден пісіп-жетілген жүгері туралып, алдын ала дайындалған шұңқырға көміліп, одан сапалы мал азығы дайындалады. Жұмысымыз жоғары қарқынмен жүруде.
Шаруашылықта сонымен қатар, 700 гектардай алқапқа арпа, бидай, жоңышқа, экспарцет егіледі. Мұның бәрінен дайындалған сапалы мал азығы жыл он екі ай сауын сиырларға, бордақы малдарға беріледі. Мұның малдан мол өнім алуға тигізер пайдасы орасан. Осы орайда, серіктестікте жұмыс істейтін еңбек адамдарына шаруашылық басшыларының жақсы жағдай жасап, еңбекақыларының уақтылы беріліп отыратынын да баса айтқым келеді. «Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, көктемнің шуақты күндерін тиімді пайдаланып жұмыс жасап жатқан жайымыз бар,- дейді агроном Мирали Өтенов.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-ның жұмысымен танысу барысында шаруашылықтың бірқатар проблемаларына да қанықты. Аудан басшысы өз кезегінде серіктестік басшысы Егор Кохпен, сонымен қатар, аудан әкімінің салалық орынбасары Әбдікерім Уркумбаевпен, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовпен бірге туындаған проблемалардың да шешілу жолдарын талқылады. Атап айту керек, серіктестік екі жылдан бері 1200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде.
Нұржан МАНАСҰЛЫ