A place where you need to follow for what happening in world cup

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әскери міндеттілердің қосар үлесі мол

393

«Отан үшін отқа түскін, күймейсің» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, Отанды қорғау, туған жердің қымбат қазыналарын көздің қарашығындай сақтау, оның салт-дәстүрлеріне жанашырлықпен қарау, қиын-қыстау кезеңде адамдарға қол ұшын беру сияқты қасиеттер ер-жігітке тән қасиет. Отанды сүю отбасынан басталатыны сияқты, Отанды қорғауға деген сүйіспеншілік адам бойында бала кезден қалыптасатыны белгілі.

Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойған болатын. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын»,- делінген Президент Жарлығында. Сондай-ақ, бұл шараның карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Төтенше жағдай режімін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажет екенін, ел басшылығы елдің қалыпты өмірге келуі үшін де барлық ресурстарды пайдаланып жатқанын да Президент баса атап көрсетті.
«ҚР Қарулы Күштерін аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Президент Жарлығын Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев былай деп түсіндіріп берді, деп хабарлайды Strategy2050.kz сайтының тілшісі. «Жарлықтың басты мазмұны әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық беру. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету». Сондай-ақ, министр әскери міндеттілердің жиын кезінде жұмыс орны мен лауазымдары сақталып қалатынын айтты.
Елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдарына шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды ұйымдастыру тапсырылды.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты біздің ауданда да арнайы қызметке шақырылған әскери міндеттілердің тобы жасақталған болатын. 13 ерікті әскери міндетті азаматтардың кезекшілік кестесі бекітіліп, олар «Шақпақ» санитарлық-бақылау бекетіне, аудан орталығындағы патрульдік жасақтың құрамында қоғамдық тәртіпті қадағалауда. Топтың жетекшісі, лейтенант Махит Сәрсеқұл.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру жөніндегі Жарлығымен танысып шықтым. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Президент Жарлығын толығымен қолдаймын. Бұл қауіпті індеттің алдын алу бойынша елімізде жарияланған төтенше жағдай талаптарын қамтамасыз ету үшін өте орынды қабылданған шешім. Себебі, кез келген азамат күрделі жағдай қалыптасып отырған осындай кезеңде Отанының тыныштығын қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті орнықтыруға, қала берді, өз Отандастарына көмектесуге жан-тәнімен атсалысулары керек деп санаймын. Осы орайда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен келген шақыртуды қабыл алып, өз еркіммен әскери міндеттілердің тобына келіп қосылдым. Қазір мұнда офицер ретінде әрі топ жетекшісі болып қызмет атқарудамын.
Өзім Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқып, сонда әскери кафедрада оқып, лейтенант шенін алдым. Ал әскери міндеттілер тобының жұмысына келер болсам, топ құрамында барлығы 13 адам бар. Олардың тоғызы «Шақпақ» санитарлық-бекетінде кезекшілік бойынша қызмет етіп, өз міндеттерін адал атқарып жатыр. Ал қалған төрт бала Б.Момышұлы ауылына кіреберісте орнатылған блок-бекеттегі тәртіп сақшыларына қолғабыс жасауда. Мұнда ары-бері қатынаған көлік иелерінің қай бағытқа, нендей мақсатпен кетіп бара жатқандарын сұраймыз. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін, аты жаман індеттен ертерек құтылуымызға әсері мол деп білемін.
Әскери міндеттілер таңғы сағат 08-00-ден кешкі 20-00-ге дейін аудандағы қауіпсіздік шараларын сақтауға қолғабыс көрсетеді. Аудан әкімшілігі тарапынан арнайы формалармен, медициналық бетперде, тағы да басқа қорғаныш құралдарымен, екі мезгіл тамақпен қамтылады. Көлік тасымалы да жолға қойылған,- дейді Махит Бақтиярұлы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.