A place where you need to follow for what happening in world cup

Қош келдің, қасиетті Рамазан!

436

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мақтау, мадақ әлемді жоқтан бар еткен Аллаға болсын. Екі жаһан сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафаға с.а.у, ол кісінің от-басына, артынан ерген сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Аллаға шүкір, 12 айдың Сұлтаны ұлық болған Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеттік. Қасиетті Рамазан айына есендікпен жеткеннің өзі үлкен бір нығмет. Ілгергі мұсылмандар осынау Рамазан айымен қимай қоштасып, ол келесі жылы құдды 40 жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға Иләһи мейірімінің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Рамазан айында Аллаға мойын ұсынған мұсылман пенделерге сауап жинаудың өте көп мүмкіншіліктері берілген. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз с.а.у өзінің мубарак хадис шәрифінің бірінде Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ дейді. Біздердің ата-бабаларымызға парыз етілген ораза біздерге де парыз. Оразаның парыз болған мерзімі санаулы күндер, яғни, бір ай. Бұл да Алла тағаланың мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі.

Пайғамбарымыз с.а.у өзінің хадисінде Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі делінген және имам Байхақи риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз с.а.у:  «Кімде кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал, осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда жетпіс парыз өтегеннің сауабын алады»-деген.

Рамазан айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнахар болып есептеледі. Өйткені, ол Алла Тағаланың тікелей бұйрығы. Ақыл-есі бүтін, балиғат жасына жеткен, өзін мұсылманмын деп есептейтін пенде ораза ұстауы керек. Алланың әмірін орындамай оған немқұрайлы қарап «күн ыстық қой, ұстағым келмейді, қыста ұстаймын» сынды сан түрлі себептерді сылтау қылып, ғапылдықта жүруіне болмайды.

Құранда Алла Тағала «Ей мүміндер, сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды. Әрине сақтанарсыңдар»-деген. (Бақара сүресі 183 аят).

Осы шарапатты аяттың соңында «әрине, сақтанарсыңдар» деп айтылып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Алла тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейтін осы бір ұлық айда садақамыздың сауабын сан еселеп, қылған құлшылығымызды шыңға көтеріп, сансыз сауап сыйлаған құдіретті Алла Тағала құлдарын құзырына шақырып, рахым қылушы құлына рахым қақпасы Райян есігін айқара ашып, шайтанның аяғына кісен салып, ақыреттік азығымызды жинауға мұрсат берді. Міне, бұл түсінген адамға берілген теңіздей көл көсір қазына. Ақиқатында, ізгілік істеп, Алланың алдында абыройға ие болудан асқан қазына болмас, сірә.

Сөз соңында айтарым, қызылды-жасылды әшекеймен көмкерілген алдамшы дүниенің соңына түсіп жүріп, мәңгілік мекендегі салихалылардың сарайынан құр қалмайық, қымбатты бауырлар.  Мұқтаж міскін қам көңіл, жетім-жесірлерге қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, Алланың алдында жүзіміз жарқын, жүрегіміз тыныштықта, төбеміз көк тірердей керемет күй кешіп, жаратқан Иеміздің жәннатына кіруге қам қылайық.

Биыл  Қасиетті Рамазан айы 24 сәуірден 23 мамырға дейін жалғаспақ, яғни 30 күн.

Алла Тағалам баршамыздың ұстаған оразамызды, оқыған намаздарымызды, жасап жатқан құлшылық ғибадаттарымызды, берген садақа, қылған қайырлы істеріміздің барлығын қабыл етіп, сансыз сауап жазып, бақилық дүниеде жанымыздың Жаннаттың төрінде болуын нәсіп етсін. Әмин.

Аят Алмаханов,

Шу аудандық Төле би мешітінің бас имамы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.