A place where you need to follow for what happening in world cup

Тәртіпке бағынбасаң, жауапқа тартыласың

238

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ауданымызда барлық сақтық шаралары жасалуда. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында ауданға кіру-шығу жолдары жабылып, 3 блок-бекет орнатылған болатын. Дәлірек айтсақ, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолының бойына екі блок-бекет, «Шу-Қайнар» тас жолының бойына 1 бло-бекет орнатылды. Осы ретте, құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айта кеткен жөн. Күні-түні тынбай еңбек етіп тұрған ондағы мамандардың жұмысы да күнделікті жіті бақылауда. Әкімдік қызметкерлері мен волонтерлар да сала мамандарына қолдан келген көмегін аямай, мейлінше көмек қолын созуға тырысуда. Әлбетте, бұны жерлестеріміздің қиын-қыстау кезеңдегі бір-біріне деген қолдауының озық үлгісі деуге болады.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жоғарыда аталған бекеттерден бүгінгі күнге дейін 9113 адам мен 5465 көлік өтіпті. Блок бекеттегі мамандардың тыңғылықты жұмыс атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы шатырлар құрылып, өткіншілерге арналған ақпарат бұрыштары ілінген. Сонымен бірге ондағы жағдайды бақылауда ұстау үшін арнайы бейнебақылау камералары орнатылған. Жолаушылардың дене қызуын қашықтықтан өлшеуге арналған құрылғылар да жеткілікті. Бүгінгі таңда әр блок бекетте 5 адамнан кезекшілік қызмет атқарады. Атап айтсақ, аудандық ауруханадан 2 дәрігер, аудандық полиция бөлімінен 2 қызметкер және жергілікті әкімдіктен 1 маман 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істеуде. Кезекшіліктегі қызметкерлердің күнделікті ас-ауқатын аудан әкімдігі қамтамасыз етіп жатқан көрінеді. Мұндағы сала мамандары блок-бекеттен өткен әрбір жолаушының мәліметін тыңғылықты тексеріп, тіркеуге алуда. Соның нәтижесі болса керек, бүгінгі күнге дейін блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша ешқандай дерек тіркелмеген.

Сонымен қатар, ауданда шектеу шаралары қолға алынып, көпшілік адамдар жиналатын жиналыстарға, мейрамханалар мен өзге де сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына толық тыйым салынды. Асхана мен дәмханалардың қашықтықтан қызмет көрсету қағидаты бойынша күндізгі 10.00-ден түнгі 22.00-ге дейін рұқсат етіліпті. Көлік қозғалысына да шектеу қойылып, арнайы рұқсат қағазы бар көліктер ғана жүргізілуде. Құқық қорғау қызметкерлері мен волонтерлар аудандағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сенсек, тұрғындар қандай да бір құқық бұзушылыққа бой алдырған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынбақ. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін карантин талаптарына бағынбаған 15 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерген. Осыған байланысты, әкімдік қызметкерлері аудан тұрғындары арасында күнделікті түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Ал күні кеше ғана облыс бойынша карантин режимі күшейтіле бастады. Осыған байланысты, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов пен жедел криминалистика басқармасының бастығы Берік Салемов Шу ауданына арнайы келіп, мұндағы құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуде. «Карантин режимінің күшейтілуіне байланысты тұрғындар таңғы сағат 8.00 мен 10.00 және кешкі 17.00 мен 19.00 аралығында ғана далаға шығуына рұқсат берілген. Көлік қозғалысы да тоқтатылуы қажет. Әзірге тұрғындарға ауызша ескерту берііп жатырмыз. Ертеңнен бастап талапқа бағынбағандарды әкімшілік жауапқа тартатын боламыз. Міне, осы талаптарды қатаң бақылау мақсатында басшылық құрамнан 6 адам және 7 экипаж әкеліп отырмыз. Облыс орталығынан көмекке келген қызметкерлер карантин режимі аяқталғанға дейін осы ауданда болады», — дейді Нұржан Алдабергенұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда ғана облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік өніміне шекті бағалар қойылған болатын. Атап айтар болсақ, бірінші сортты бидай ұнының бір келісі — 149 теңге, күріш – 258 теңге, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны — 138 теңге, макарон өнімінің келісі — 206 теңге, қарақұмық жармасының келісі – 260 теңге, сиыр етінің сүйекті жауырын немесе төс бөлігінің бір келісі — 1774 теңге, бірінші санатты жұмыртқаның 10 данасы — 271 теңге, күнбағыс майының литрі – 418 теңге, және ас тұзының бір келісі – 59 теңге көлемінде белгіленген. Аталған азық-түлік өнімдері ел тұрғындарының соңғы айдағы азық-түлік тауарларына деген сұранысын талдау нәтижесінде анықталыпты. Жоғарыда аталған бағаларды бақылауда ұстау мақсатында ауданымызда арнайы комиссия да құрылған. Олар аймақтағы азық-түлік сататын сауда орталықтарын тұрақты түрде аралап, ондағы бағаның шарықтап кетпеуін бақылауда ұстауда. Мәселен, жуырда ғана аталмыш комиссия мүшелері бірқатар сауда орталықтарын аралады. Комиссия мүшелері баға тұрақтылығын тексеру кезінде бірқатар сауда орталықтарының бағаны шарықтатқанын анықтады. Дәлірек айтсақ, «Бахар» сауда орталығында жұмыртқа 34 теңгеден, сиыр еті 1800 теңгеден сатып жатқандығы анықталды. Сондай-ақ, «Қазына» сауда орталығы да сиыр етінің бағасын көтеріп, 1900 теңгеден саудалап жатқандығы белгілі болды. Жалпы, жоғарыда аталған тауарлардың бағасын өсіргендер анықталса, оларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда, ауданымыздағы комиссия мүшелері бағаны шарықтатқан сауда орталықтарына ауызша ескерту жасап келеді. Алдағы уақытта, тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салынбақ.

Ерғали АСХАТҰЛЫ,

Шу ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.