A place where you need to follow for what happening in world cup

Мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж адамдарға беріледі

217

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Әлеуметтік қамқорлық» жобасындағы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастыратын заң жобасы қабылданғаны белгілі.

Мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы негізгі ұстанымы – көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу. Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет оларға жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналасуға жәрдем береді.

Бұл мақсаттағы кешенді шаралар үш бағытты құрайды:

  1. Көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы ұсыну.

Бұл – елімізде бала туу көрсеткішін жоғарылатады. Көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді.

Атап айтқанда:

4 баласы бар отбасыларға – 42 500;

5 баласы бар отбасыларға – 53 125;

6 баласы бар отбасыларға – 63 750;

7 баласы бар отбасыларға – 73 375 теңге көмек тағайындалатын болады.

Көпбалалы отбасылар мемлекет қорғауында  қала береді. Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақы ала отырып, табысы аз адамдар мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес оған жаңа принциптерде құрылған, өзіне атаулы әлеуметтік көмек пен кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын АӘК тағайындалатын болады.

  1. Аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру.

Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді. Критерийі өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз деңгейінде қалды. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде төленетін болады.

Әлеуметтік көмектің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Бұл бір жағынан көмек алушылардың өз табысын жасыру жағдайын барынша төмендететін болады. Екінші жағынан көмекті тағайындау тәртібі әділ болады. Себебі отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленеді.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін АӘК шартты ақшалай көмек түрінде  көрсетіледі және бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын “Еңбек” жұмыспен қамту бағдарламасының потенциалын максималды қолданады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың еңбек әлеуеті ынталандырылады. Олардың кірістерін арттырып, әлеуметтік жағдайларын жақсартатын кәсіпкерлікке тарту үшін мүмкіндік пен жағдай жасалады.

  1. Мемлекеттің аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі.

1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейін  мектептерде тегін ыстық тамақпен,  мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Осылайша АӘК-тің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады.

Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек.  Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж адамдарға көрсетілетін болады.

Қазіргі қолданыстағы заң табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, айқындылығын және әділдігін қамтамасыз етуге, оларға еңбекке жаңа ынталандырулар беруге тиіс, нәтижесінде мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж адамдарға көрсетілетін болады.

С.Көпбаев,

Шу аудандық  жұмыспен қамту орталығының директоры.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.