«Әділет» кандидаттары Сарысу ауданында сайлауалды бағдарламаның басымдықтарын таныстырды — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

«Әділет» кандидаттары Сарысу ауданында сайлауалды бағдарламаның басымдықтарын таныстырды

24

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша ұсынылған кандидаттар Сарысу ауданында болып, түрлі сала өкілдерімен мазмұнды кездесулер өткізді.

Кандидаттар Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы, Сейналиев Асанбай Ермекбайұлы және Жолмаханова Айтбала Абухасовна аудан тұрғындарына партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын кеңінен таныстырып, өңірді дамытудың нақты тетіктерін ортаға салды.

Алғашқы басқосу «Қазпошта» АҚ Сарысу аудандық бөлімшесінің ұжымымен өтті. Ашық диалог форматында өрбіген жүздесуде кандидаттар пошта қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен аудан халқын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылады. Жиында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды: алдағы бес жылда ауылдық елді мекендерде 37 жаңа базалық станция орнатылып, интернетпен қамту 100 пайызға жеткізілмек, сондай-ақ аудандық деңгейде 10 жаңа IT-хаб ашылады. Бұдан бөлек, Жаңатас қаласын қоса алғанда, өңірдегі жылу желілерін жаңғырту, кәріздік тазарту құрылыстарын салу, 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру және кезекте тұрған азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту міндеттері айтылды.

Адами әлеуетті арттыру тақырыбы Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының ұжымымен өткен кездесуде жалғасын тапты. Кандидаттар сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру партияның басты стратегиялық бағыты екенін атап өтті. Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға қарай облыста 4 370 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп пен 1 қосымша оқу корпусы салынып, мектепке дейінгі ұйымдарда кемінде 8,4 мың жаңа орын ашылады. Сондай-ақ 138 заманауи STEM-кабинетін сатып алу, Тараз қаласында инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық бағыттағы 3 мамандандырылған мектеп құру және техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін 51,3%-ға дейін арттыру көзделген.

Сонымен қатар Нұржан Қырықбайұлы мен Асанбай Ермекбайұлы Сарысу ауданының спортшыларымен еркін форматта жүздесті. Кездесуде мемлекеттің ең басты байлығы – дені сау, рухы сергек азаматтар екені айтылып, бұқаралық спортты өркендету мен жастардың әлеуметтік ілгерілеуіне жағдай жасау мәселелері сөз болды. Партия бағдарламасы аясында 2031 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесін 51,0%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Барлық басқосуларда кандидаттар тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, көкейдегі сұрақтарына жауап берді. Жиындар соңында олар сарысулықтарды өңірдің жарқын болашағына бейжай қарамай, 29 қараша күні өтетін сайлауға белсенді қатысып, нақты істерге бағытталған «Әділет» партиясы мен оның кандидаттарына дауыс беруге шақырды.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.