Ауылдың дамуы – елдің өркендеуі! — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауылдың дамуы – елдің өркендеуі!

25

№2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Идыбо Айша Люшировна

Өмірбаян

Құрметті жерлестер!

Мен, Идыбо Айша Люшировна, 1971 жылғы 23 мамырда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауылында дүниеге келдім.
1978–1988 жылдары М. Ю. Лермонтов атындағы орта мектепте білім алып, аталған мектепті бітірдім.
1989–1991 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгердім.
Еңбек жолымды 1989 жылы Сортөбе ауылындағы сегіз жылдық мектепте тарих және дүнген тілі пәндерінің мұғалімі болып бастадым.
1991 жылы №17 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналастым. 1995 жылы №18 толық емес орта мектепте мұғалім қызметін атқардым.
2002 жылы Сортөбе ауылындағы №48 орта мектепте оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне тағайындалып, сонымен қатар тарих пәнінен сабақ бердім.
2013 жылы «Достық» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі болдым.
2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қордай ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Бүлдіршін» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарып келемін.
Отбасылымын, үш бала тәрбиелеп отырмын.

Сайлауалды бағдарлама

Қадірлі сайлаушылар!

«Ауыл» партиясының атынан сайлауға түсудегі мақсатым – ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыруға, тұрғындардың мүддесін қорғауға және Қордай ауданының тұрақты дамуына өз үлесімді қосу. Ауылдың болашағы оның адам капиталына, білімді жастарына, еңбекқор отбасыларына және ұрпақтар сабақтастығына тікелей байланысты. Осы бағыттарды басшылыққа ала отырып, депутаттық қызметте төмендегі басымдықтарға назар аударуды көздеймін.

1. Білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру

Ауыл мен қала баласының сапалы білім алу мүмкіндігінде алшақтық болмауы тиіс. Әрбір баланың қабілетін ашуға, заманауи білім алуына және болашақ мамандығын саналы таңдауына жағдай жасалуы қажет.
Осы мақсатта ауыл мектептерінің оқу-материалдық базасын жетілдіру, пәндік кабинеттерді жаңарту, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті арттыру мәселелерін көтеремін. Шағын жинақты мектептердің жұмыс сапасын жақсарту, оқушылардың қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие жүйесін жетілдіруге, балабақшалардағы орын тапшылығын азайтуға, мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сай дамуына қажетті жағдай жасауға басымдық беремін.

2. Ұстаз мәртебесі және педагогтерді қолдау

Білім сапасының артуы ең алдымен мұғалімнің кәсіби біліктілігіне, шығармашылық ізденісіне және еңбек етуіне жасалған жағдайға байланысты. Ұстаздың қоғамдағы беделі жоғары болғанда ғана білім беру жүйесі де сапалы дамиды.
Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету, тәжірибелі ұстаздардың озық әдістемелерін тарату мәселелерін назарда ұстаймын. Мұғалімдердің кәсіби міндетіне қатысы жоқ артық жұмыстардан арылуына және шығармашылық ізденіске көбірек уақыт бөлуіне бағытталған ұсыныстарды қолдаймын.
Ауыл мектептеріне жас педагогтерді тарту, оларды баспанамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге де атсалысамын.

3. Ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесін нығайту

Ұлттың рухани тұтастығы – ана тіліне, тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрметтен басталады. Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән беремін.
Осы бағытта ұлттық тәрбиеге негізделген мәдени-ағартушылық жобаларды, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін іс-шараларды, өлкетану мен тарихи мұраны насихаттау бастамаларын қолдаймын. Ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапханалардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын қалыптастыру мәселелерін көтеремін.
Отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және отбасылық тәрбие мәдениетін дамыту да маңызды міндеттердің бірі болады.

4. Балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы

Әрбір баланың қабілеті мен қызығушылығын дамытуға мүмкіндік берілуі керек. Бала тек білім алып қана қоймай, өнерге, спортқа, ғылымға және қоғамдық өмірге араласу арқылы тұлға ретінде қалыптасады.
Сондықтан ауылдық елді мекендерде балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының санын көбейту, қолданыстағы нысандардың жұмысын жандандыру мәселелерін көтеремін. Дарынды балаларды анықтау мен қолдау, олардың аудандық және облыстық деңгейдегі байқауларға, олимпиадалар мен спорттық жарыстарға қатысуына мүмкіндік жасауға бағытталған жобаларды қолдаймын.
Бұған қоса, мектептерде психологиялық қолдау қызметінің тиімділігін арттыру, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударамын.

5. Жастардың кәсіби дамуы және қоғамдық белсенділігі

Ауыл жастарының болашағы туған жерімен тығыз байланысты болуы керек. Ол үшін жастарға сапалы біліммен қатар, өз қабілетін жүзеге асыруға, мамандық игеруге және қоғамдық бастамаларын дамытуға мүмкіндік қажет.
Жастардың кәсіптік бағдар алуына, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен байланысын нығайтуға, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне ықпал ететін жобаларды қолдаймын. Жас көшбасшыларды қалыптастыру, еріктілер қозғалысын дамыту, ауыл жастарының қоғамдық шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуына жағдай жасау мәселелерін көтеремін.
Сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, олардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және бала тәрбиесімен қатар кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған бастамаларды қолдаймын.

Құрметті жерлестер!

«Ауыл» партиясының атынан ұсынатын бағдарламамның түпкі мақсаты – ауылдың әлеуметтік және рухани әлеуетін арттыру, білім мен тәрбиенің сапасын жақсарту, әрбір отбасының қоғамдағы орнын нығайту. Мен үшін әрбір баланың болашағы, әрбір ұстаздың еңбегі, әрбір отбасының амандығы – ел дамуының маңызды көрсеткіштері.
Депутаттық мандатқа ие болған жағдайда, өзімнің кәсіби тәжірибем мен ұйымдастырушылық қабілетімді ауданның игілігіне жұмсап, халықпен бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Айтылған бастамалардың орындалуына ықпал ету, тұрғындардың мүддесін қорғау және қоғам алдындағы жауапкершілікті абыроймен атқару – басты ұстанымым.
Білімді ұрпақ, берекелі отбасы, рухы биік ауыл – жарқын болашақтың берік негізі! Ауылдың дамуы – елдің өркендеуі!

Тапсырыс беруші: №2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Идыбо А.Л.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.