Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Көпбосынова Мархабат Ерболқызы — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Көпбосынова Мархабат Ерболқызы

№5 бірмандаттық аудандық сайлау округі

24

Сайлауалды бағдарламасы

Мен, Көпбосынова Мархабат Ерболқызы, 1989 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ, білімім – жоғары.

2006 жылы Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепті аяқтадым. Сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы бакалавр дәрежесін алдым.

Еңбек жолымды 2011 жылы Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында алты айлық тәжірибеден өтуден бастадым. 2012 жылы аталған газет редакциясына телеарна тілшісі болып жұмысқа қабылдандым. 2013 жылы Жамбыл ауданы әкімдігінің Жастар орталығында әдіскер маман қызметін атқардым.

2014 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының «Қазақстан-Тараз» телеарнасына редактор болып жұмысқа қабылдандым. 2021 жылы «Тараз 24» коммерциялық телеарнасының бас редакторы қызметіне ауыстым. 2023 жылы телеарнаның Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілшісі болып жұмысымды жалғастырдым. 2024 жылдан бастап бүгінге дейін Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Ақпараттық медиа орталығы» мекемесінің директоры қызметін атқарып келемін.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін. Екі ұл тәрбиелеп отырмын.

2026-2031 жылдарға арналған нақты міндеттемелер

  1. ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ

Тастөбе, Еңбек, Қостөбе, Ш.Ниязбеков ауылдарындағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, көшелерге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ету. Ауылішілік жолдарды күтіп ұстау, қоғамдық көлік қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтеру. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында көшелерге жарықтандыру жүйелерін және бейнебақылау камераларын орнатуға бастамашылық жасау.

  1. АУЫЗСУ, ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ

Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету, су қысымының төмендігі мен инженерлік желілердің тозуына байланысты мәселелерді шешуге ықпал ету. Электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, ескірген электр желілерін жаңарту және елді мекендердегі көше жарықтарының қамтылу аясын кеңейту мәселелерін тиісті мекемелер алдында көтеру.

  1. АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ

«Ауыл аманаты» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындарының жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне жәрдемдесу. Шағын және орта бизнесті, отбасылық кәсіпкерлікті, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға қолдау көрсету

  1. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛДАУ

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген тұрғындардың мүддесін қорғау, жайылымдық жерлердің қолжетімділігі мен ветеринариялық қызмет сапасын жақсарту мәселелерін назарда ұстау.

  1. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау, шағын өндіріс орындары мен қызмет көрсету салаларын дамытуға ықпал ету. Жастардың «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Жасыл ел» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.

  1. БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА

Ауылдардағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету. Балалардың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мәселелерін көтеру.

  1. МӘДЕНИЕТ, РУХАНИЯТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыруға, кітапханалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және мәдени іс-шаралардың сапасын арттыруға қолдау көрсету. Ұлттық салт-дәстүрді, ана тілімізді, тарихи мұраларымызды дәріптейтін тағылымды кездесулер мен рухани-танымдық шараларды ұйымдастыруға бастамашылық жасау.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕ

Әлеуметтік жағынан осал топтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімді болуына ықпал ету. Ауылдағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге бағытталған ашық кездесулер өткізу.

  1. СПОРТ, ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ

Спорт нысандарының жағдайын жақсарту, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеру.

  1. ТАЗА АУЫЛ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Тастөбе, Еңбек және Қостөбе ауылдарының санитарлық тазалығын сақтау, көшелерді абаттандыру, қоғамдық орындарды көркейту және жасыл желектерді көбейту жұмыстарына қолдау көрсету.

  1. АШЫҚТЫҚ, АҚПАРАТТЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ

Ауыл тұрғындары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтуға, халықты ауылда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы уақтылы ақпараттандыруға күш салу. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тиісті мекемелерге жеткізіп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстау.

Тапсырыс беруші: №5 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Көпбосынова М.Е.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.