Елдің ертеңі – тәрбиелі ұрпақтың қолында — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Елдің ертеңі – тәрбиелі ұрпақтың қолында

68

Ел болашағы ең алдымен ұрпақ тәрбиесінен басталады. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Баланың алғашқы тәрбиесі отбасынан қалыптасады. Ата-ананың өнегесі, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, еңбекке жауапкершілік – жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін негізгі құндылықтар.
Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне қойылатын талап жоғары. Ақпараттық технология мен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген сайын отбасының, мектептің және қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігі де арта түсуде. Аналар кеңесінің жұмысы да отбасы құндылықтарын нығайтуға, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді көтеруге және қоғамдағы өзара сыйластықты қалыптастыруға бағытталған.
Биыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды кезеңдердің бірі – 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау. Бұл – әр азаматқа өз таңдауын білдіріп, елдің болашағына қатысты азаматтық ұстанымын танытуға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Меніңше сайлауға жауапкершілікпен қарау – ел тағдырына салғыртқарамаудың бір көрінісі.
Әсіресе жас ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің мәнін түсіндіру аса маңызды. Бүгінгі жас – ертеңгі ата-ана, ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, мемлекеттік қызметші. Сондықтан олардың бойына біліммен қатар адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруіміз қажет.
Біз қандай ұрпақ тәрбиелесек, болашақ қоғамымыз да сондай болады. Сондықтан әр отбасы бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, елдің ертеңіне өз үлесін қосуы керек. Елдің ертеңі – тәрбиелі ұрпақтың қолында.

Түзел Алагөзова,
Тұрар Рысқұлов аудандық аналар кеңесінің төрайымы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.