A place where you need to follow for what happening in world cup

Мойымаған майдангер

431

Биылғы жыл мерейлі мерекелер мен атаулы күндерге толы болмақ. Бұл күндер тек біздің еліміз үшін ғана емес, тұтас адамзат үшін аса үлкен маңызға ие. Солардың бірі де бірегейі – көптеген ұлттың жүрегіне өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Осыған байланысты, газетіміздің осы санынан бастап «Ұлы Жеңіске – 75 жыл!» айдарын ашпақпыз. Бұл айдардың аясында елімізді жаудан қорғаған ержүрек жерлестеріміз бен Қиыр Шығыстағы милитаристік Жапония әскерлерін талқандауға атсалысқан жауынгерлердің өмірі туралы мақалалар жарық көретін болады.

Тарихқа көз жүгіртсек, тосыннан мыңдаған адамдардың тағдыр талайы таусылған оқиғалар кездеседі. Сол арқылы қаншама жанның төзімі мен беріктігі сыналды. Сонау 1936 жылы қарапайым ауыл азаматы Нұрлан Нусипов та ауылдықтарды қандай жағдай күтіп тұрғанын болжап білмеген. Өзі тұратын ауылдың азаматтары жуық арада жер бетінен ондаған миллион адамның жанын жалмаған қантөгіске қатысатыны оның ойына да кіріп-шықпаған еді.

Ол 1913 жылы Шу ауданындағы Үш қызыл тауының бойында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Өткен жылдың отызыншы жылдары Совет Одағының бірқатар өңірін аштық жайлап, ел тұрғындары түрлі аурудан көз жұмып жатты. Нұрланның әкесі Нүсіп Қашқынұлы мен анасы Шөкебала Жоланқызы да сол бір зұлматты кезеңнен аман шыға алмады.

1936 жылғы аштықтың зардабын көрген Нұрлан өмірлік жары Сұлужан Егешқызын, ағасы мен әпкесін жанына ертіп, Пишпек (Бішкек) қаласына жетеді. Осылайша, мұндағы маусымдық жұмысқа жалданып, өмірлерін сақтап қалады.

Уақыт өте келе Нұрлан жүргізуші курсын тәмамдап, жүк көлігін жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Сол жылдары оны М.Калинин атындағы колхоздың басшысы байқап қалып, ЗИС автокөлігіне жүргізуші ретінде жұмысқа шақырады. Әлбетте, Нұрлан бұл ұсынысқа бірден келісіп, жұбайы екеуі сол колхозға тұрақтайды.

Сонымен қатар, 1937 жылы Көктөбе колхозына да жүк көліктері бөлінеді. Алайда, көлік жүргізуші табу қиынға соққан. Сол сәтте оның туыстары өзара ақылдасып, «Біздің Нұрлан Нүсіпұлы Калинин колхозында жүргізуші болып жұмыс істейді. Колхоз басшысы да оны жанынан бір елі қалдырған емес. Сол жаққа адам жіберіп, Нұрланнан ауылға келуді өтіну керек», — деген байламға келеді. Осы шешімге сәйкес, Калинин колхозына үш адамды жібереді. Дегенмен, колхоз басшысы: «Көндіруге әуре болмаңдар! Нұрланды бауырымдай жақсы көргендіктен, оған өзім бас-көз боламын», — деп, соңғы сөзін айтады. Үш күннен кейін Көктөбеден келген үш адамның екеуі ауылдарына қайтады. Ал, үшіншісі: «Мен Нұрлансыз қайтпамын», — дейді. Кешқұрым ол жұмыстан келген Нұрланды туған жеріне қайтуға үгіттейді. «Калининге жүргізуші қажет болса, Шудан орыс азаматын табуға болады. Колхоз басшысына күн сайын «Мені ауылдастарым күтуде. Өзімнің туған жеріме жіберуіңізді өтінемін» деуден жалықпа» деп, Нұрланға өз ақылын айтады.

Арада бір жұма өткеннен кейін колхоз басшысы Нұрланның өтінішін жерге қалдырмай, оған бұзаулы сиыр мен бір қой беріп, шығарып салады. Осылайша, 1937 жылы Нұрлан туып-өскен жеріне келіп, туған-туыстарымен қауышады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Нұрланды Жамбыл қаласына әскери дайындықтан өтуге жібереді. Сол жылдың желтоқсан айында Мәскеу маңындағы майданға аттанады. Ол 5-ші екпінді әскердің құрамындағы моторландырылған инженерлік бригаданың 1-гвардиялық бөлімшесінде әскери борышын өтеді. Көлік жүргізуші ретінде оған жүктелген басты тапсырма әскерге инженерлік қолдау білдіру үшін батальонның миналандырушылар жасағын тасымалдау болды. Бір қарағанда мұнда ерлік көрсететіндей дәнеңе де жоқ секілді көрінеді. Түрлі жаттығулар мен соғыс қимылдарын да жасаудың қажеті жоқ. Алайда, ол біз ойлағандай емес. Өйткені, фашистердің минометпен жаудырған оқтарына қарсы көлік жүргізудің айтуға ғана оңай екені сөзсіз. Бақсаңыз, бұл – көзсіз ерлік. Асқан ептілік пен батырлықты талап ететін жұмыс.

Соғыстың соңғы сәтінде, дәлірек айтқанда 1945 жылдың қаңтар-ақпан айларында Нұрлан Нүсіпов Коло, Чарникау және Фридеберг қалалары үшін болған қанды шайқасқа қатысқан. Сондағы бір сәтте көлікте екі бірдей жауынгермен қалған Нұрлан фашистердің күтпеген шабуылына ұшырайды. Жерлесіміздің батырлығы да сол, екі жауынгермен бірге қиян-кескі айқаста немістердің көзін жойып, 15 фашисті ұстап алған. Дәл осы ерлігі үшін Нұрлан Нүсіповті Қызыл Жұлдыз орденімен наградтаған.

1945 жылдың күзінде Н.Нүсіпов туған жеріне оралды. Соғыстан келген соң оны Жамбыл атындағы колхоз басшысының орынбасары ретінде сайлайды. Айта кету керек, ол мұнда 1966 жылға дейін еңбек еткен болатын. Кейіннен шаруашылықта жұмыс істеді. Әсіресе, өсімдік бақшаларын өсіруді жаны сүйетін. Оның үйінің маңы алма ағаштары мен басқа да өсімдіктерге толы болатын. Академик Мичуриннің еңбегін басшылыққа ала отырып, асылдандыру ісімен де айналысқан. Бұдан бөлек, техниканың да тілін жетік меңгерген еді. Ол ГАЗ-69 автокөлігін бір өзі құрастырыпты.

Ақкөңілділігі мен қонақжайлылығы оның ерекше қасиеттерінің бірі еді. Кітапты да көп оқыған. Совет одағы жазушыларының көптеген кітаптарын оқып, үйінде сақтаған.

Өкінішке орай, Н.Нүсіпов 1967 жылдың 1-ші сәуірінде ұзақ жыл бойы ауырған дертінің салдарынан небәрі 54 жасында көз жұмды. Ал оның жары Сұлужан Ергешқызы 1937 жылдан бастап Көктөбе колхозында қызылшашы ретінде еңбек еткен. Көктөбе, Қарауылтөбе, Кербұлақ және Ленин колхоздары Жамбыл атындағы колхозға біріккеннен кейін Сұлужан апамыз 1975 жылға дейін сауыншы болып жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұзақ жылдық еңбегі үшін оған «Құрмет белгісі» ордені мен басқа да марапаттар берілген. Сондай-ақ, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған.

Ол өз естеліктерінде: «Мен Нұрланды өте жас кезімде соғысқа жібердім. Сол уақыттардың ішінде көптеген қиындықтар болды. Бұндай қиындықтарды тек мен ғана емес, мыңдаған қыз-келіншектер көрді. Бізде майдандағы ерлеріміз аман-есен оралса екен деген тілек қана болды. Кей-кейде қолымыз қалт ете қалғанда түн ортасында жылы киім-кешек тігіп, майданға жіберетінбіз. Бір қызығы, сол сәттерді сағынатын кезім де болады» — дейді.

Ол бес бірдей баланың анасы. Зейнет жасына шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, еңбекке араласқан. Сөйтіп 1975 жылдан 1985 жылға дейін сауыншы болды. Бұл өз кезегінде тағдырында кездескен осыншама ауыртпалықты еңсерген бүтін бір буын еді. Біз осындай ержүрек ата-әжелерімізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлағаны үшін әрдайым бас иіп өтетін боламыз.

Руслан ИСКАКОВ.

Суретте: Н.Нүсіповтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери борышын өтеп жүрген кезі; Нұрлан ата балаларымен;

немерелерінің «Память народа» сайтынан тапқан Н.Нүсіповты «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсыну жөніндегі марапат қағазы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.