A place where you need to follow for what happening in world cup

Арыстанды аулында адам қызығарлық береке бар

156

Аудандағы ең бір шұрайлы жер – көсегенің көк Жонында Арыстанды деп аталатын ауыл бар. Ол жерді қазақ және күрді ұлтының өкілдері мекен етеді. Ұлы Отан соғысы басталар алдында, нақты айтқанда 1938 жылы ауданға жер аударылғанда түгін тартса майы шығатын, көк орай шалғынға бөленген осы жерде жергілікті тұрғындар «бөтен ұлт, жат жұрт» демей құшағын жайып қарсы алып, күрді ағайындарды қоныстандырыпты. Кеңес заманында қызылдардың атақты қолбасшысы Буденный есімін иеленіп келген ауыл азаттықтың таңы атысымен Арыстанды аталды. Елді мекен, жер-су атаулары бекерге қойыла салмайтынын ескерсек, мүмкін бұл жерді бір кездері аң патшасы арыстан мекен еткен шығар…

Бүгінде ауылда 390 адам тұрып жатса, оның 291-і күрді ұлтының, 99-ы жергілікті ұлттың өкілдері. 80 жылдан аса бір шаңырық астында, бір дастархан басында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан ауылдықтардың тіршілігіне былайғы жұрт қызыға қарайды. Аудандық «Барбанг» күрділер ассоциациясының төрағасы Камал Айдаров пен Арыстанды ауылы мешітінің имамы Тельман Әлиев жастар арасындағы тәрбиеге белсене араласып, ауылдастарының ынтымақ-бірлігінің ұйытқысы болуда. Ауылда ғана емес, округ және аудан орталықтарында өтіп жататын түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүретін күрді ағайындар сахна шымылдығын жергілікті ұлттың әнін шырқап, биін билеп ашады. Одан кейін барып өздерінің ұлттық киімін киіп, қыз-жігіттері сахнада қол ұстасып, мың бұрала өз билерін билегенде көрерменнің айызы қанып, шапалақ үні жауып кетеді.

Аудан басшылығы тарапынан ауылға жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесінде бұл мекен алдыңғы қатарда келеді. Ажары атқан таңдай жайнап тұрған ауылда тұрғындарға не қажеттің бәрі бар. Кейінгі жылдардың өзінде мектепте спорт зал салынып, пайдалануға берілді. Былтыр тамыз айында ауызсу желісі тартылды. Жазы жайма-шуақ, жауын-шашынды болып келетін Жон өңірінде қыста ақ түтек боран жиі соғады. Жаңатаспен жол қатынасы қиындай түскен бетте аудандағы тиісті құрылымдар бірден жолды омбы қардан аршуға шығады. Кейде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алып техникаларын да жұмылдырып жатады.

Білім ошағында күрді тілі арнайы пән ретінде оқытылып келеді. Сонда да екі ұлттың балалары бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. «Бұл тілге құрмет – елге құрмет» деген қағиданы о баста басшылыққа алған алдыңғы толқынның өнегесі. Кең-байтақ қазақ елін – Отаным, шежірелі Сарысу жерін кіндік қаным тамған – туған мекенім дейтін күрді ұлтының жергілікті ұлтқа деген құрметін осыдан да сезуге болады. Соғыс жылдарында, одан кейінгі ауыр кезеңде бір үзім нанды бөліп беріп, құшағына алған жергілікті ұлттың адами асыл қасиетіне, асқан бауырмашылдығына деген күрділердің құрметі мұнымен де бітпейді. «Біз бір атаның балаларындаймыз» дейтіні тағы бар.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.