A place where you need to follow for what happening in world cup

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» — кәсіби мамандар ұжымы

260

Әрбір адамның өз мамандығына деген құштарлығы – адал жүрек, ақ ниеттің дәнекерлігі. Өйткені өз бойыңыздағы талантты тани білу, сол арқылы болашақта қалың жұртшылыққа қалтқысыз қызмет ету – тағдырына сергек қарайтындардың ұлы ісі. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі студенттердің аяқ алысын жіті бақылап, олардың келешекте кең қанат жаюына жағдай жасауды місе тұтқан жергілікті басшылардың уақытында көзіне түскен жалынды жастың бірегейі — Жұмахан Шәкірбаев. Тараз қаласының тумасы облыс орталығындағы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың есімін иеленген №14 қазақ орта мектебін сәтті тәмамдаған соң, жоғарыда атауы жазылған іргелі оқу орнының «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы» мамандығына оқуға қабылданады.

Талантты жас жоғары оқу орнында білім ала жүріп, тұрақты жұмысқа да орналасып үлгереді. Еңбек жолын инженер-зертханашы болып бастаған оның ең үлкен табысы – кейбір замандастары секілді ата-анасына салмақ салмай, өз жолын адаспай таба білуінде дер едік. Өз ісіне адал, іскер әрі жауапкершіліктен жалтармайтын жігерлі жігіттің алғашқы қадамы сол кездегі мекеме басшылығының да көңілінен шыққаны рас. Сонау Атыраудан арқа төсіндегі бас қала – Астанаға дейін іссапар жасаған оған кейінірек «К-Дорстрой» мекемесінде қызмет етуге жол ашылады. Мұнда табаны күректей 5 жыл жемісті жұмыс істеген Жұмахан Айтжанұлы абыройдан да кенде болған жоқ. Ол жол салу кезінде жіберілген қателіктерге дер шағында сын айтып, олқылықтың орнын толтыруға күш салар еді…

Құрылыс магистрі деген атаққа ие кейіпкеріміз жол саласындағы қызмет еткен осынау жылдар ішінде талай жердің топырағын басып, талай елдің дәмін татқан майталман маман. Бүгінде өн бойындағы тәжірибесінің күн өткен сайын толысуы – ізденімпаздығынан болса керек. Ол әрбір іссапарында қара жолдың қадірін кетірмей, керісінше, саладағы кемшіліктерді нақты дәлелдермен баяндаудың өзіндік үлгісін қалыптастырып үлгерді. Рас, білікті маманға деген сұраныстың көп болуы – заманға сай заңды құбылыс. 3 жыл бұрын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалына материалдар бойынша инженер болып жұмысқа орналасқан Жұмахан өз әріптестерін шексіз оптимиздігімен баурап ала білді. Оның бұл қасиеті — бүгінде дәл осы мекемеде жетекші сарапшы атануына да өз септігін тигізгені анық.

Әр істің иінін тауып мың құбылтатын Жәкең қазіргі таңда төрт бірдей ханшайымның әкесі. Тұшымды пікірі жол саласын жаңғыртуға бастайтын оның дәйекті дәлелдері мен тиянақты тұжырымдары өзгелерге қашанда үлгі. Оған оның әр жылдары қол жеткізген Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағаларының қолы қойылған Алғыс хаттары нақты дәлел.

Жалпы, біз әдетте табанын тасқа тілдіріп, ақ адал қызметімен көзге түскен «Еңбек адамы» жөнінде сөз қозғасақ, көз алдымызға зейнет жасына тым жақын аға буын өкілдерін елестетініміз белгілі. Дейтұрғанмен, осы сеңді бұзған Жұмахан Шәкірбаевтай жастың көңілге түйгенін, оның ұтымды ұсыныстары мен батыл болжамдарын назардан тыс қалдырмау керек деп білеміз!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.