«Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген тәмсіл бар. Ал, бүгінде өңірдегі жолдардың жайы қалай? Жолаушыларға қаншалықты жағдай жасалған? Жыл сайын көлігіне салық төлеп, жолдардың жөнделуіне бөлінетін қаражатқа өз қалтасынан үлесін қосатын жүргізушілердің мұң-зары назарға алына ма? «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Саяси партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Ж.Танкебаев жүргізіп отырған жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының инженері Қадыржан Мырзаев және ZOOM платформасы арқылы бірқатар кеңес мүшелері мен аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары қатысты. Басқосу барысында мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс көлемінде автомобиль жолдары құрылысын іске асыру мен жергілікті және облыстық маңызы бар жолдардың инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы партия филиалдарын тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары жөнінде айтылды. Бұл туралы кеңес мүшесі, зерделеу тобының жетекшісі Рүстем Бегалиев мәлімдеді.
— Зерделеу нәтижесінде өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының қатаң бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуі керек екендігі анық байқалды. Мәселен, облыс бойынша жол құрылысы саласында бірқатар кемшіліктер және заң бұзушылық әлі тиылмай отыр. қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан Талас ауданы аумағындағы «Ерназар – Қойгелді» жолы 2 жыл бұрын салынған тас жол уақытынан бұрын тозып кеткен. Сол секілді өткен жылы ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген Жуалы ауданындағы «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» жолы да жылға жетпей тоз-тозы шыққан. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы «Құмарық-Юбилейное» бағытындағы тас жолға 2 жыл бұрын қаржы бөлінгенімен мемлекеттік сатып алуда өрескел қателіктер жіберіліп, жұмыс түбегейлі тоқтатылған. Осылайша, ондағы тұрғындардың қуанышы көпке созылмады, — деді ол.
Ал, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының инженері Қадыржан Мырзаевтың айтуынша, жол саласындағы жұмысты жүгенсіз кеткен мердігерлер жауапсыздықты танытуды тоқтатпауда. Ол өз сөзінде тапсырыс беруші құрылысты қадағалап, әрбір мердігер-компаниялардың өкілдері жауапкершілігін жүгін сезінуі қажеттігін жеткізді.
Еліміздің барлық аймағында жолдың сапасын жақсарту — бүгінгі күннің талабы. Ол үшін соңғы жылдары жолға, жол құрылысына байланысты көптеген нормативтік құжаттар даярланды. Бұл бағыттағы көптеген маңызды мәселелер шешімін тауып, тек республикалық дәрежедегі емес, жергілікті, қалалық деңгейдегі жолдарды жақсартудың да сан қыры қарастырылуда. Істің сапасын арттырудың бір жолы — жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа материалдарды пайдалану болатынына талас жоқ, — деді Қ.Мырзаев.
Жиын соңында өзге де қатысушылар еліміздің жол құрылысына енгізіліп отырған инновациялар мен жаңа технологиялар туралы әңгімеледі. Мамандар бұл жұмыстарда науқаншылдыққа салынып қателіктер жібермеу, жаңа құрылыс материалдарын әр аймақтың ерекшеліктеріне қарай пайдалану керектігі айтылды. Сондай-ақ, қаржыны оңды-солды шашудың жөн болмайтыны ескертілді.