A place where you need to follow for what happening in world cup

Олеся – қазақ келіні

413

Татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Кең-байтақ Отанымыз осынау баға жетпес байлығымызбен мақтана алады.

Шүкір, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алып, еңбек етуде.
Ауданымыздағы Ақтөбе ауылдық округі көпұлтты аймақтың бірі. Ауылдық округте қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, поляк, татар, украин, неміс ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Ауылдық окургте көпұлтты отбасылар да бар. Мәселен, Жаңаталап ауылының тұрғыны Марат Алтаев орыс ұлтының қызы Олеся Даниленкомен отбасын құрып, ұрпақ өсіріп отыр. Екеуі бүгінде ауылда үлгілі отбасы атанып, Ерсұлтан, Асылан, Аян есімді алтын асықтай үш ұл тәрбиелеуде.
Олеся Михайловна Бәйтерек ауылында өмірге келген. Т.Тастандиев атындағы орта мектепті тамамдап, 19 жасында Марат Задыханұлы екеуі бір-бірін қалап бас қосады.
Төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған үлкен қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы алғашында біраз қиналады.
Оның үстіне Олеся қара шаңырақта қалып, ата-енесіне қызмет етеді.
-Әкем Михайл мен анам Лидия Павловна қарапайым шаруа кісілер. Отбасымда мен және екі ағам болды.
Жолдасым Марат екеуміз үш жыл бірге жүрдік. Ақыраяғы отау құруға шешім қабылдадық.
Әрине, алғаш келін болып түскенде қатты қиналдым. Қазақшаны да жақсы түсінбейтінмін.
Енемнің айтқаны мен үшін заң болатын. Сол кісінің ақылын тыңдап, бәрін үйреніп кеттім. Қазір қазақша таза білемін.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері маған қатты ұнайды. Әрбір салт-дәстүрінің артында жақсылыққа үндейтін үлкен мән-мағына жатыр.
Апамның айтуымен балаларымның үшеуін де бесікке салдым. Бесікте жатқан бала тыныш, таза жатады екен.
Қазақ отбасына келін болған соң басыма жаулығымды тартып, сәлемімді салып, барлық дәстүрді ұстандым.
Маған әсіресе, қазақ халқының қонақжайлылығы қатты ұнайды.
Көп туыстарымыздың беташарларында маған келіндерінің қолтығынан сүйетеді. Бұл да мен үшін мәртебе.
Қазір халқымыздың барлық ұлттық тағамдарын біркісідей дайындай аламын.
Жаз бойы айран ұйытып, май пісіп, құрт жасап сатамын.
Бауырсақ пісіру, ет асу, тары, талқан, тағы да басқа тағамдарды сүйіп дайындаймын.
Ұлдарымыздың үшеуі де қазақ сыныбында оқиды. Екі тілде еркін сөйлей алады.
Асылан мен Аян ұлттық ойындарымызға өте құмар. Асылан көкпар тартады. Ал, кішкентаймыз Аян бәйге шапқанды жақсы көреді.
Үлкеніміз Ерсұлтан компьютерге жақын.
Жолдасым Марат екеуміздің отандасқанымызға 18 жыл болды.
Марат Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде күзетші болып жұмыс істейді.
Одан бөлек малымыз, азын-аулақ жеріміз бар. Марат ұлдарын ертіп жерімізге арпа, картоп, күнбағыс егеді.
Ал мен «Жаңаталап» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісімін. Ұжымымызда қазақ, қырғыз, әзірбайжан, орыс ұлтының өкілдері тату-тәтті еңбек етіп келеміз,- дейді Олеся.
Әрбір отбасындағы, ұжымдағы, ауылдағы бірлік пен келісім рухы болашаққа деген сенімімізді арттырып, күш-қуатымызды еселесін!
Бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін түсініп, еңбек ете берейік!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.