A place where you need to follow for what happening in world cup

Әйелдердің зейнетақысын көбейтуіміз керек – министр

792

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қоғамда жиі талқыға түсетін мәселелердің бірі – әйелдердің зейнет жасын қысқартуға қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, әйелдердің қазір 63 жасты күтпей зейнет демалысына шығуға мүмкіндігі бар. Егер 5 баласы болса, заң бойынша 53 жасында зейнеткерлікке шыға алады. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер де зейнетақы қорындағы жинағы жететін болса, биыл 51 жарым жасында зейнетақы ала алады.

«Бүгін әйелдермен де кездестік. Олар менің, мен олардың ұсынысын тыңдадым. Ең негізгі мәселе – біз қай жаста зейнетке шықсақ, зейнетақымыз алып жүрген еңбекақымыздың көлеміне сәйкес болады.

Бізде 50 мен 60 жас аралығындағы 967 мыңнан астам әйел бар. Солардың 339 мыңы бүгінде экономиканың барлық салаларында еңбек етіп жүр. Олардың еңбекақысы 170 мың теңгеден асады. Оларға 58 жаста зейнетке шық деп айтсақ, алатын зейнетақылары әлдеқайда төмен болайын деп тұр. Себебі біз ынтымақтастырылған жүйеден алатын зейнетақыны 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен есептейміз. Ал, ол еңбек өтілі қазір азайып қалды. Сондықтан бүгінгі кездесуде мен әйелдерге зейнетақыны көтеру мәселесін шешу қажеттігін айттым, бұл мәселе қазір Үкіметте қаралып жатыр», – дейді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, жұмыс істемейтін әйелдерге қатысты да мәселе бар. Олардың зейнетақысы төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді.

«Әйелдердің бұл санатына төмен қойсақ та, жоғары қойсақ та, биыл шығатын болса 24 700 теңге көлемінде алады. Сондықтан биыл Үкімет тарапынан «Күміс жас» деген жаңа бір жоба басталды. Оны мен министрлікке келгеннен кейін қолдадым. 61 жастағы жандарға арналған. 58 жастан бастап көреміз, мүмкін жұмысқа тартамыз. Онда алатын қаражатының көлемі 91 мың 500 теңге болса, ендігі жылы 100 мыңнан асады. Сөйтіп, 5 жылдық еңбек өтілі және зейнетақы жинағы пайда болады», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, зейнетақыны көтеру мәселесі қазір Үкімет тарапынан қолдау тауып жатыр, ал зейнет жасын азайту жан-жақты қаралады. Жұмыс тобы айдың соңында тағы бір кездеседі.

«Тағы да қайталап айтамын, біздің міндетіміз зейнет жасын төмендетіп, аз зейнетақы алу емес, қайсы жаста шықсақ та, күнкөріс деңгейіне жететін зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі бірінші тұруы керек», – деді министр.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.