Биыл да сәт санап өсетін ертегі кейіпкері сияқты азық-түлік бағасы шарықтап барады. Бір қарағанда, бұл жайт жыл сайын қайталанатын, жұрттың еті үйренген қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Дегенмен, күнделікті тұтынатын азық құны қалтаға салмақ салып отырғаны анық байқала бастады. Үкімет қымбатшылыққа алыпсатарлар кінәлі екенін алға тартады. Осы орайда, Экпресс К елдегі қымбат қалалардың бірі саналатын Нұр-Сұлтан базарларын аралап, сатушылармен сөйлесті. Олар шенеуніктер «өтірік айтады» дейді.
Бір келі ет 10 жұмыртқаға тең бе?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қанттың қымбаттауын тоқтата алмағаны үшін Сауда министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. Бұл шілденің 14-күні болды.
Араға он екі күн салып, қос министр қосылып брифинг берді. Олар «қант күзге салым арзандайды, Ресейден көп импорттаймыз. Биыл қызылшадан мол өнім алынады» дегенді айтты. Ал басқа азық-түлік бағасының шарықтауы базар мен алып сатарлардың ісі екен. Оған мысал ретінде министрлер ет бағасын сөз етті. Шенеуніктердің сөзінше, қазір шаруалар малды өте арзанға сатады.
— Дегенмен, делдалдар туралы айтып кеткеніміз жөн. Өйткені бүгінгі күні тауар өндіруші фермерлерден еттің бағасы орташа есептегенде, 900 теңгеден алынады. Нарыққа жеткенше монополиялар мен басқа делдалдар арқылы баға өсіп отыр. Бұл жағынан, министрлік тиісті жұмыс істеп жатыр. Нарық иелеріне жауапкершілікті арттыру жағынан заңнамалық өзгерістерді енгізіп отырмыз. Және де жергілікті органдармен бірлесіп, кішігірім сауда-дүкендеріне бақылау жүргізілуде, — деді Сауда министрі Бақыт Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ет бағасына қатысты пікір білдіріп, айды аспанға шығарды. Оның сөзіне қарағанда, елімізде ет бағасы 10 түйір жұмыртқаның құнымен шамалас екен.
— Малды тірідей сатып алғанда, келісі 700-800 теңгеден аспайды. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың басты мәселесі осы. Ал әрі қарайғы баға нарықта қалыптасады. Қазіргі таңда бізде ет бағасы тұрақты. Айтып өткеніміздей, елде ет өндіру көлемі де, мал басы да өсіп келеді. Сондықтан ешқандай тәуекелдер жоқ, — деді Ербол Қарашөкеев.
«Министрлер өтірік айтады»
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Экспресс К министрлер айтқан арзан ет іздеп, Нұр-Сұлтан базарларын аралады. Бірнеше жылдан бері қала сыртындағы «Шарын» базарында жылқы етін сататын Қанат Омаров министрлер сөзін «Өтірік» дейді. Сатушы келісі 700-900 теңге тұратын ет түске ғана кіретінін айтады.
— Жылқы етін көтерме бағамен (Автор: арық-семізіне қарай) 2500-3300 теңге аралығында сатып аламыз. Ет сататындар арасында фермерлер де, алыпсатарлар да бар. Алыпсатарлар көп қоспайды. Шаруалар да арзан бермейді. Ал біз ары кетсе, 200-300 теңге ғана қосамыз. Былтырмен салыстырғанда, ет қымбаттады. Мысалы, мамыр айынан бастап жылқы еті 700 теңгеге көтерілді. Қазір халықта ақша жоқ. Ет көп алмайтын болған,– дейді ет сатушы Қанат Омаров.
Ал дәл осы «Шарын» базарында 10 жыл бойы сиыр етін сататын Забира Төреханқызы да министрлер айтқан бағаның барына сенбейді. Ол 2300-2500 теңгеден саудалап отырған сиыр етінің әр келісінен 200-300 теңге ғана пайда көретінін айтады:
«Біз көп қоспаймыз. Ары кетсе, 200 теңге. Шығынымыз көп. Сататын еттің салмағына қарай, базардағы орынға ақы төлейміз. Мәселен, бүгін орын үшін 6 мың 500 теңге бердім. 700-900 теңгелік етті маған әкеп берсін. Екі ай сатып, миллионер болайын. Алыпсатар да ондай көп қоспайды. Халық та ақымақ емес қой. Қазір жем-шөптен бастап бәрі қымбат. Сондықтан олар да етті қымбатқа сатады».
Әлемдегі қымбатшылық
Анығында, қазір қымбатшылық Қазақстанда ғана емес, әлемде байқалып отыр. Оған негізгі себептердің бірі — короновирус пандемиясы мен Украина-Ресей соғысы. Осы екі жағдай әлемдегі алыс-беріс, сауда-саттық жүйесіне айтарлықтай әсерін тигізген. Осы екі жайт салдарынан АҚШ пен Еуропада да 20-30 жыл бойы өзгермеген барлық тауар түрінің бағасы күрт қымбаттаған. Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, АҚШ-та баға соңғы рет 1981 жылдың желтоқсанында ғана осылай қарқынды өскен. Бұл туралы АҚШ федералды еңбек статистика бюросы хабарлаған.
Ал құрамына Еуропаның 19 мемлекеті кіретін Еуродақта 2022 жылдың шілдесіне дейін инфляция 8,6 пайызды құраған. Бұл елдерде азық-түлік бағасы 9 пайызға дейін қымбаттаған.
Еуродақтағы инфляция АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясының әсерінен туғаны анық. Себебі, Ресейдің мұнай-газына тәуелді Еуроодақта бірінші кезекте энергоресурс бағасы шарықтаған. Ал мұнай-газ бен электр энергиясының бағасы қай кезде де барлық тауар құнына ықпал етеді. Халықаралық есеп банкі (BIS) де әлем экономикасы коронавирус пандемиясы соққысынан ес жия алмай жатқанда, Украинадағы соғыс есеңгіретіп тастағанын растайды. Банк дерегінше, Еуроодақта «тұрақты баға» ұғымы жақын арада оралмайды.
«Қымбатшылыққа ақшаның көптігі себеп»
Қазақстан да әлемдік экономиканың бір бөлігі әрі оған тәуелді екені түсінікті. Десек те, басқа елдердегі сияқты елдегі инфляцияның өсуіне коронавирус пандемиясы, Ресей-Украина соғысынан бөлек ішкі факторлар да кесірін тигізді деген пікір ұстанатын сарапшылар да бар. Соның бірі экономист Сапарбай Жобаев. Экономист сөзінше, елдегі қымбатшылыққа биліктегілердің, депутаттар мен квазимемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне жалақы мен түрлі шығындардың көп жұмсалуы себеп. Оларға төленетін қаражат айналымдағы ақша массасын көбейтеді. Салдарынан инфляция болады.
— 2021 жылдың басында елдегі ақша массасы 24 триллион теңге еді. Қазір 30 триллион теңгені құрайды. Былтыр зейнетақы қорынан айналымға көп ақша шықты. Тағы да басқа жобалар болды. Ақырында, аз уақытта айналымдағы ақша 6 триллион теңгеге көбейді. Бұл өз кезегінде инфляцияны күшейтеді, — дейді Сапарбай Жобаев.
Бұған қоса, экономист елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы үкіметтің қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмауымен байланыстырады. Ол Қазақстан азық өндіретін мемлекет бола тұра елде бидай, ұн, өсімдік майының қоры жеткілікті болса да, бұл өнімдердің бағасы арзандамай отыр.
Үкіметтің ресми дерегінше, 2022 жылғы шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы шілдемен салыстырғанда 19,7%-ға өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға 14,2%-ға, ақылы қызметтерге 9,2%-ға көтерілген. Бір жыл аралығында елімізде құмшекер 87,3%, ұн 36,6%, макарон өнімдері 33,0%, құс еті 28,6%, нан 17,9%, жылқы еті 16,5%, күнбағыс майы 11,6% қымбаттаған.
Айта кетейік, бұл үкіметтің жуырда жариялаған ресми дерегі. Ал базар мен дүкенде былтырдан осы кезге дейін баға қанша қымбаттағанын патша көңілді оқырман есептей жатар. Экспресс К баға бағамын әлі де салыстырып, зерттей береді.