Түзеу мекемесінде бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп жатқандарды еңбекпен қамтамасыз ету – Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЖД-158/4 мекемесінің басты міндеттерінің бірі.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД бағынысты ЖД-158/4 мекемесінде 9 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Олар бүгінгі таңда 225 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Аталған мекемеде жұмыс көзін ашқан сотталған азаматтар ісінің алға басуы — тек талмас еңбек пен сенімнің арқасы деуге болады. Сотталғандарды еңбекке баулу арқылы олардың пайдалы іспен айналысуына жол ашылған. Сонымен қатар, олар сот үкімімен белгіленген талап қарызы бар сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету арқылы белгіленген қаржыны темір тордың арғы жағында отырып та қайтаруына мүмкіндік алуда. Түрмеде кәсіппен айналысқан сотталғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін де, өздерінің үйренген ісін кәсіпке айналдыруына үлкен мүмкіндік бұл. Бір жеке кәсіпкердің қарамағында 25 жазасын өтеуші жұмыс істеп жатыр. Олардың қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар, атап айтқанда соңғы кезде асүйде сәнге айналған, сұранысқа ие түрлі көлемдегі астаулар, домбыралар, көздің жауын алатын кемелер мен қайықтар ел арасында үлкен сұранысқа ие.
Мәселен, «Алан» жеке кәсіпкерлігінде нақтылы кезеңде 25 сотталушы жұмыс істеп, айлық алып отыр. Осы арқылы мемлекеттік және жеке талап қарыздарын өтеуде. Он саусағынан өнері тамған, темірден түйін түйген бұл азаматтар музыкалық аспаптардан бөлек, ас үйге қажетті түрлі бұйымдарды да жасаумен айналысады. Онымен қоса түрлі жиһаздар, үстелдер, кеңсе жабдықтарын да сұранысқа сай етіп соғып береді. Қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген ыдыс-аяқ, кәдесый, түрлі аспаптар дейсің бе, бәрі бар. Әсіресе көздің жауын алатын домбыраның сан аулан түрі еріксіз таңдай қақтырады. Оны ұлттық қолөнердің қайталанбас үлгісі деуге де болады. Астаудың бәрі ерекше сәнмен әрленіп, екі басы ұлттық өрнекпен әшекейленген. Цехта тапсырыс бойынша да алуан түрлі жұмыстар атқарылады.
Түзеу мекемесінің басшылық құрамының айтуынша, сотталғандар жазасын өтеу кезінде жеке бизнесін жүргізу арқылы немесе жұмысқа орналасу арқылы сот үкім еткен материалдық шығынды өтейді, екіншіден, абақтыда бастаған бизнесін немесе үйренген кәсібін бостандықта да жалғастыруына жол ашылады. Бұл – бұрынғы сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау қаупін азайтуға үлкен мүмкіндік жасайды, дейді мұндағылар.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.
Алдыңғы жаңалық