A place where you need to follow for what happening in world cup

Табиғат байлығына зиян келтіргендерге жеңілдік жоқ

246

2020 жылдан бастап елімізде браконерлікпен айналысқандарға қатысты заңның күшейтілгені белгілі. Бұдан былай елімізде заңсыз аң аулаумен айналысқандар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Қылмыстық Кодекстің 337-бабында осылай делінген. Ал сирек кездесетін, құрып кетудің алдында тұрған аңдарды аулағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Бұдан бөлек өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектордың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылық 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Жамбыл облысында табиғат байлығына аясыз зиян келтірушілермен күресте «Сапсан» жедел қызметінің жұмысын ерекше атап өткеніміз жөн. 2019 жылы 29 қарашада облыс әкімінің шешімімен құрылған аталған жедел қызметтің негізгі міндеті – қоршаған ортаны, табиғат ресурстарын, ормандарды және жануарлар, өсімдіктер дүниесін қорғау, күзету. Сондай-ақ олар мемлекеттік орман қоры жерлерінде 4430,7 мың гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 3715,4 мың гектар, еркін аймақтарда 2 094,6 мың гектар жер аумағында ҚР заң талаптарына сәйкес қастандыққа қарсы және құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу жұмыстарын да атқарады.
Бақылау болмаған жерде қылмыстың орын алатыны жасырын емес. Десе де, «Сапсан» жедел қызметі көптеген заң бұзушылықтың алдын алуда абыройлы іс атқаруда. Атап айтсақ, жуырда Жуалы ауданында 2 азамат бір жылда екі рет заңсыз аңшылық қағидасын бұзғаны үшін ұсталып, айыптау үкімдері шықты. Әрине, Жамбыл жерінде мекендейтін еті дәмді, емдік қасиеті мол жабайы қоянды қолға түсіргісі келетіндердің қатары сиремей тұр. Соның бір дәлелі – таяуда Шу мен Талас аудандарында қоянға мылтық атқан азаматтар құрықталып, қаруы тәркіленген болатын. ҚР «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 39-бабы 5-тармағының 3-тармақшасында шегеленіп жазылған биологиялық негіздеменің негізінде уәкілетті орган белгілейтін мерзімдерде және орындарда қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде балық аулауға тыйым салынған болса да, заңды белден басатындар аз емес. Мәселен, «сапсандықтар» Меркі ауданында бір азаматты заңсыз құралдармен балық аулағаны үшін құрықтаған. Балықтардың уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде қармақ салған азамат 145 000 теңге айыппұл арқалады. Сонымен қатар Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлескен іс-шара барысында Меркі ауданы, Аспара ауылының аумағында орналасқан Аспара су қоймасының маңында 1 азаматтан балық аулауға рұқсат берілмеген тоқ құрылғысынан жасалған, балық аулайтын және шамамен 500 метр құрайтын моноталшықтан жасалған Қытай торын, сонымен қатар 1 дана сағыз қайығы, 3 дана жарық анықталып, барлық заттар актімен тәркіленіп, процессуалдық шешім шығару үшін Меркі АПБ өткізілді. Сонымен қатар осы жылы Мойынқұм ауданында «Андасай» ерекше қорғалатын табиғи аймақтан 3 дана жабайы үйрек атқаны үшін бір азаматқа хаттама толтырылған. Одан еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленіп, Мойынқұм аудандық полиция бөлімшесіне өткізілген. Мойынқұм аудандық сотының шешімімен оған 150 087 айыппұл салынып, аңшы қаруы мемлекет есебіне тәркіленген.
Қорыта айтқанда, мамандырылған «Сапсан» жедел қызметі заңсыздықпен күресте 2022 жылдың 1-тоқсанында 32 рейд жүргізіп, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға барлығы 52 хаттама толтырған. Әртүрлі деңгейде айыппұлдар салынып, ескертулер берілгені де жетерлік. Мекеме инспекторларымен салынған айыппұл мөлшері жалпы алғанда 416,6 мың теңгені құрап, барлығы дерлік өтелген. Осы іс-шаралардың нәтижесінде, облыстағы орман қорларында, ерекше қорғалатын табиғи аңшылықтарда және еркін аймақтарда аң мен құсымыздың саны артып келеді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.