A place where you need to follow for what happening in world cup

Тіл білгеннің – тынысы кең

292

Тіл – ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қарым-қатынас құралы. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Ол — қай ұлтта, қай елде болса да құдіретті күш. Өйткені ол әрбір адамның ана сүтімен бірге бойға еніп, қалыптасады. Жоғары оқу орнында алған мамандығым – «Шығыстану (түрік филологиясы)». 

Қазіргі заманғы үрдіс бойынша, екі немесе үш тіл білу, әрине, бұл аса көп те емес шығар. Менің құрдастарымның, замандастарымның ішінде бұдан да көп тіл білетіндер де бар. Рас, көбі кемінде екі не үш тіл біледі. Мен мұны неге айтып отыр десеңізші. Себебі қазір XXI ғасыр. Заманауи ақпараттар мен технологиялар ағынының  қарқындап дамыған заманы. Уақыттың өзі де біздің Ұлы Дала ұрпақтарына өз ана тілімен қатар өзге шетел тілдерін де қоса көптеп үйренуді, білуді керек етіп отыр. Оны заман талабы десек те болады. Себебі, біздің тарихымыз – «Рухани жаңғыру» кезеңіндегі «Жаңа Қазақстан тарихы» әлі жазылған жоқ. Ертеректе болсын, кейініректе болсын айтылмаған не ашылмаған тарих ақтаңдақтары да әлі көп. Олар әр елде, әсіресе Қазақстанмен шектес (шекаралас) елдердің немесе бір кездері тарих талқысымен бір-бірімен әрқалай араласқан елдердің мұражайларындағы мұрағаттар қорында жатқан көне не жаңа тарихи жазбаларда жатыр. Оларда біздің елдің – Қазақ елінің тарихына қатысы бар көптеген құнды ақпараттардың бар екендігі анық. Сондықтан оларды тауып, оқып, мазмұнымен  танысу керек. Қажет болса, керегін елімізге алдырту қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, әрине, оларды оқу үшін шет ел  тілдерін жақсы білетін оқыған мамандардың қажеттілігі келіп туындайды, оларды дайындау керек. Өйткені, ол елдерде біздің елге – Қазақ еліне қатысы бар көптеген құнды да маңызды ақпараттардың бары анық.

Мұнымен қатар ақын Мырза Әлі атамыз «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп айтуының өзі де тіл білу мәселесінің сонау заманнан келе жатқан үрдіс екендігінен хабардар етсе керек. Яғни, қай заманда да өзге тілдерді меңгеріп, біліп отыру әр жаңа заманның сұранысы болып келген.

Қазіргі кезде өзім жұмыс істейтін Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде шет тілдерін құлшына әрі қызыға оқып жатқан болашақ маман иелері – бүгінгі студент жастар жетерлік. Олардың бірі ағылшын тілі мен түрік тілін таңдаса, енді бірі қытай тілі, кәріс тілі, неміс тілі мен ағылшын тілін қоса меңгеруде. Осындай шәкірттердің бүгіндегі білім алуға деген ұмтылысын көріп жаның жадырайды, оларға ұстаздық мейіріммен қарап көңілің еріксіз толқиды. Өйткені олар көріп, жүріп келе жатқан қазіргі жолмен бір кездері өзім де жүргендігімді еске аламын. Айырмашылығы  – тек жас пен уақыт аралығы ғана.

Ия, заман талабына сай «Үштұғырлы тіл» саясатын да қолдағанымыз дұрыс шығар, бірақ әр тілді өз мазмұнында, уақыт талабына сай, қызметіне орай атқарасың. Мәселен, қазақ тілі – өз Ана тіліміз әрі мемлекеттік тіл. Ол – ұлттығымыздың белгісі, мемлекеттігіміздің тірегі. Оны Қазақстанда тұратын барлық халық білуі тиіс, сондай-ақ олардың бір-бірімен түсінісіп, араласатын қарым-қатынас құралы болуы міндетті деп есептеймін. Ал шет тілдерінің ішінде  ағылшын тілі болса – халықаралық қатынастар тілі, басқаша айтсақ, қазіргі заманғы ғылым мен техника тілі, білімге ұмтылған әрбір жанның «заманауи тілі» десек те болады. Әрине, бұл жерде бұл тілді әркім өз қажетіне қарай шама-шарқынша игереді деген ойдамын. Ал орыс тілі болса, ресми тіл делінеді. Бірақ ондай тілдің тіл білімінде болмағаны анық.

Қысқасы, көптілділік мәселесі қай кезде де тіршіліктегі қолданысында күн тәртібінен түскен емес.  Ұрпағымыз бірнеше тілді меңгеріп, біліп жатса, несі айып? Бүгінгі «үштілділік заман талабы» деп жатқан тұста шет тілдерінің қай-қайсысын болса да өз қалауымызша еркін меңгеруіміз керек-ақ. Кезінде «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз 76 (жетпіс алты) тілді білген деседі. Ұлы ақын Абай атамыз болса — орыс, қазақ тілдерімен қоса парсы, араб және шағатай тілдерін де білген. Әрине, мұндай деректер біз үшін, біздің ұлтымыз үшін үлкен мақтаныш.

Ал енді өзім қызмет ететін Тараз өңірлік университеті «Әлем тілдері» кафедрасының оқытушы-педагогтар ұжымы – «Шетел тілдері мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша  мамандар даярлап келеді. Осы себепті де қызмет етіп жүрген – асыл білім ордамды, кафедра ұжымын, сонымен бірге өзім дәріс беретін мамандығымды мақтан тұтамын әрі сүйемін.

Динара РАЙЫМБЕКОВА 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Әлем тілдері» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.