A place where you need to follow for what happening in world cup

Ерекше символдық «ескерткіштің» авторлары – кітапханашылардың өздері

100

Оқу корпусының қай жағынан кірсеңіз де, бұл кешенді адаспай табасыз. Оңтүстік бағыттан ішке енсеңіз, «Оқу – инемен құдық қазғандай» екенін еске салып, қабырғасы ескі кітаптардан қаланған терең құдық алдыңыздан шығады. Архитектуралық сипатында мін жоқ. Үлкен қажыр-қайратпен жасалғаны көрініп тұр. Ерекше символдық «ескерткіштің» авторлары – кітапханашылардың өздері.

         Ал шығыс жақ есіктен енсеңіз, ең алдымен бірінші креативті оқу залына кез боласыз. Бұл – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің технологиялық корпусында орналасқан кітапханалық-ақпараттық орталығында пандемия кезінде пайда болған өзгеше орын. Олай дейтініміз, ондағы ескі жиһаздардың барлығы заманауи үлгіде қайта жаңғыртылған. Креативті залға кірген оқырманның көңілі көңілі бірден серпіліп, сөрелердегі қаттап жиналған кітаптарды зор ықыласпен қолға алары анық. Бір айта кететіні, мұндағы кітаптар қоры – меценаттардың тартуы екен.

         Жалпы өңірлік университеттің кітапханасы – еліміздегі оқу орындары арасындағы 5 таңдаулы кешеннің бірі екенін екінің бірі біле бермейді. Мұндай деңгейге кітапханалық-ақпараттық орталықтың аса бай кітап қорын жасақтап, жұмыс жүйесін жаңашыл бағытта үйлестіру арқылы қол жеткізгенін атап айту керек. 24/7 жүйесінде жұмыс істейтін орталықта «Бір терезе» қағидаты бойынша  «OPET SPASE» форматында қызмет көрсетіледі.

         – Біздің кітапханалар жүйесі 6 оқу кампусында орналасқан. Оның төртеуі абонемент, 18 оқу залы бар. Оқуды ілгерілету және жеке тұлғаны дамыту үшін «Creative zone», «Coworking zone», «Ашық кітапхана», «101-оқу аймағы», «102-интернет аймағы», «103-group stady room», «104 chillout room» аймақтарын іске қостық. Жалпы кітап қоры 1 миллион 291 мың 740-қа жетті. Оның ішінде 1 миллионнан астам оқу әдебиеті, 175 мыңға жуық ғылыми еңбектер, көркем әдебиеттер саны 83 мыңнан асады, — дейді университеттің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова.

         Оқу орнының кітапханалар жүйесінің қызметі жан-жақты екенін айтып өттік. Отандық және шетелдік деректер базасы да қолжетімді. Автоматтандырылған қызметтердің өзі бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтсақ, онлайн қызмет көрсету, «виртуалды анықтама қызметі», «құжаттарды электронды жеткізу», «кітаптарды электрондық ұзарту», «кітаптардың электрондық тапсырысы», «ӘОЖ, ББК электрондық беру».

         Заман көші ілгерілеген сайын, бәрі өзгеретіндігі заңдылық. Оған мына деректер нақты дәлел бола алады. Мәселен, бұл орталық алғаш сонау 1958 жылы Қазақ химия — технологиялық институтының Жамбылдағы филиалының кітапханасы ретінде жұмысын бастаған кезде небәрі 3 кітапханашы жұмыс істеген. 2900 дана кітап қоры, тіркелген оқырман саны  400 болған. Сол жылдың соңына қарай оқырмандар  сұранысын қамтамасыз ету үшін оқу залынан кітапханааралық абонемент қызметі ұйымдастырылып, институт Мәскеу, Ленинград, Рига, Алматы, Фрунзе, Киев қалаларының кітапханаларымен келісім-шартқа отырады. 1959-1963 жылдар аралығында 43 оқытушының 400 тапсырысы орындалған. Ал қазіргі кітапханалық жүйенің жұмысы мүлдем жаңа бағытқа бетбұрған. Жыл өткен сайын жаңғырып жатыр.

         Қазіргі уақыт талабына сай кітапхананың elib.dulaty.kz электрондық каталогы жасалған. Гүлжан Жеңісбекқызының айтуынша, университет кітапханасына оқырман ретінде тіркелген кез келген оқытушы-профессорлар мен студенттерге интернет базадағы оқу құралдары мен оқу-әдістемелік басылымдарды, монографияларды, көркем әдебиеттерді жүктеп алуына болады екен. «Бір айта кететін мәселе, бізде магистранттар мен докторанттарға іріктеп тарату жүйесі енгізілген. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Соны тарқатып айта кетейін. Мәселен білім алушы магистратурада, докторантурада оқуға қабылданған кезде кітапханаға тіркелді делік, сол уақыттан бастап біздің библиографтар сол ізденушінің салалық бағыты мен таңдаған тақырыбына қарай оқулықтар мен ғылыми еңбектердің базасын жасақтайды. Олар тек біздің кітапхананың базасында сақталған туындылар емес. Басқа да ірі оқу орындарына, республика аумағымен ғана шектелмей, әлемдік деңгейде сұраныстар беріп, электронды нұсқаларын арнайы тапсырыспен алғызамыз», — дейді орталық директоры.

Кітапханалық-ақпараттық орталықтан  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде аударылып-басылған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» QR-код арқылы жүктеп алуға болады. «Ашық кітапхана» залында мерзімді басылымдарды осындай технологияның көмегімен электронды нұсқасын оқи аласыз. Айталық, сіздің газет-журналды ақтарып отырғанға уақытыңыз шектеулі болса, іздеген басылымның QR кодын  камераға түсіріп алып, ұялы телефоныңыздан кейін асықпай оқуыңызға болады.

Уақыт үнемдеу жағынан университеттің кітапханалық-ақпараттық орталығының ұсынып отырған қызметі – ең тиімді. Бастысы – кітапхананың оқырманы ретінде тіркелсеңіз болғаны. Осыдан кейін сіз логин, жеке парольға қол жеткізіп, 24 сағаттың ішінде өз сұранысыңызға қарай қажетті оқулықтар мен ғылыми еңбектердің электрондық нұсқасын сұрата аласыз. Кітапханашылар мұндай қызметті пайдаланушылар пандемия жағдайында жарияланған төтенше жағдай кезінде, қатаң карантиндік шектеулер күшейген уақытта көбейгенін айтады. Сол уақытта онлайн форматтағы абономенттік жұмысты жүргізуді 4 қызметкер өз жауапкершілігіне алыпты. Библиографтар орталық директорының өзі де осы құрамда күні-түні еңбек етті дейді.

Иә, кітапханалық-ақпараттық орталықтың негізгі міндеті – профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен студенттерге және университет серіктестеріне инновациялық, кітапханалық-ақпараттық өнімдер мен қызметтер ұсыну арқылы білім мен ғылымды дамытуға үлес қосу десек, кітапханашылар бұл талаптың үдесінен шығып отыр.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.