Әр адамның кіндік қаны тамып, туып өскен елі жер жәнатымен тең. Өйткені бүгінде ел таныған азаматтар мен батырлардың тіптен ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәттері сол өлкемен тікелей байланысты. Ал, еліміздің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарихқа толы екенін ескерсек, азаматтардың сол құндылықтарды құрметтеп, оның кез келген дүниесінің гүлденуіне, жандануына үлес қосуы бекер емес. Ол тазалыққа атсалысса да, бір тал отырғызса да шынайы ісімен өскелең ұрпақтың бойына Отанды сүю деген сезімді ояту қажет. «Туған жерге туыңды тік» — дегендей туып-өскен жеріңде еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеу әрбір ер азаматтың мойнындағы жүгі. Ауданымызда Отаны үшін аянбай еңбек еткен нағыз азаматтар да аз емес. Осындай жанашыр азаматтың бірі — жерлесіміз, Белбасар ауылының тумасы Самат Бектібайұлы Сейдахметов. Ең алғаш еңбек етуді 1989 жылы «СМП -737» мекемесінде құрылыс мастері болып қызмет атқарып, бас инженер маманына дейін дәрежесін көтерген. 2000- 2009 жылдар аралығында Белбасар ауылындағы «Ілгергі» совхозының ыдырап кетуіне байланысты 138 адамнан тұратын үлкен «Бектібай» шаруашылығын ашып, директор болып қызмет еткен. 2009- 2016 жылдары Шу ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы қызметін атқарып, сол жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Ерен еңбегі» үшін төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, 2014 жылы «Еңбек даңқы» атты төсбелгі табысталған. 2015 жылдан бастап Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттерімен біріге отырып, көптеген жұмыстар атқарып өз тәжірибесімен бөліскен. Қазіргі таңда Самат Бектібайұлының ауданның бес округінде егін шаруашылығы бар. Атап өтсек, Ескі-Шу, Бірлікүстем, Шоқпар, Ақтөбе ауылдық округтері және Көкқайнар ауылы маңындағы жер телімдерінде бидай, арпа және көкөністер өсірумен айналысуда. Ең алғаш 2005 жылы егін шаруашылығын 30 гектар жермен бастаса, қазіргі таңда шаруашылығы 6 мың гектар жерді алып жатыр және 90-ға жуық халықты жұмыспен қамтып отыр. Осындай атқарған еңбектері мен студенттермен етене араласып, тәжірибе алмасқаны үшін Самат Сейдахметов Қазақстан бойынша үш адамның бірі болып «Құрметті профессор» атағына іліккен. ҚазҰАУ-нің ректоры Тілектес Есполовтың қолынан үстіміздегі жылдың маусым айында «Құрметті профессор» төс белгісі мен куәлігін қабыл алды (суретте). Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазіргі таңда шаруашылық жағында тәжірибе аз. Тек біліммен ғана шектеліп қоймау керек, сол білімді тәжірибемен көріп, студенттер үйрену керек. Сол үшін тәжірибені көбейтіңдер», — деген болатын. Сол сияқты тәжірибе алмасу мен жаңа сорттарды өзінің «Бектібай» шаруашылығында өсіріп, жаңа тың дүниелерді ұнататын Самат Бектібайұлы бұл атаққа лайық деп ойлаймыз. «Атамекен — алтын бесік» деп, ата-бабамыз тегін айтпаған. Ол өз перзентіне барын, нарын береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету — әрбір азаматтың игі арманы, мақсат — мүддесі. «Ұлтарақтай болса да, ата-қоныс жер қымбат»- деген мақал әр адамның жүрегіне терең ілтипатпен алынатын мақал. Самат Сейдахметов ҚР Тәуелсіздігіне 21 жыл толуына орай туып- өскен жері Белбасар ауылына сыйлық ретінде «Ақша батыр» ескерткішін орнатуға атсалысқан. «Бектібай» шаруашылығы қазіргі уақытта ешқандай техника мен жұмысшыларға зәру еместігін атап өткен жөн. Себебі, қажырлы еңбек өз нәтижесін қашанда көрсетеді. 2005 жылдан осы күнге дейін жасалған жұмыстарының жемісі егін шаруашылығындағы жаңа техникалар мен қызметкерлерден көрінеді.
Арунай НҰРЛАН