A place where you need to follow for what happening in world cup

Картоп алқабының көлемі ұлғайып келеді

221

Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, оның ішінде төрт түліктің басын көбейтуге, арпа, бидай, басқа да дәнді дақылдарды өсіруге, картоптан мол өнім алуға қолайлы өңірлердің бірі саналады. Кеңес Одағы тұсында картоп өсірумен аты шыққан ұжымшарлар көптеп саналатын. Қазір де картоп егумен дәстүрлі айналысып келе жатқан шаруашылықтардың саны артып келеді. Көкбастау ауылдық округінде картоп алқабының көлемін ұлғайтуға, сол арқылы ішкі нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге күш салып жатқан шаруашылықтар бар. Соның бірі ретінде «Боранды» шаруа қожалығын айтуға болады.

Аталған шаруашылықтың картоп егумен тұрақты айналысып келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болған. Алғашында аз ғана жермен басталған кәсіп бүгінде үлкен шаруашылыққа айналды. «Боранды» шаруа қожалығы биылғы жылдың өнімі үшін барлығы 30 гектар алқапқа картоп егуді жоспарлап отыр. Жақында көктемгі дала жұмыстары, оның ішінде картоп егу науқанының барысы туралы материал әзірлеу мақсатымен шаруашылықтың Қосбөлтек ауылының маңындағы картоп алқабына барғанбыз. Онда алқап басында жүріп жатқан қызу еңбекке куә болдық. Алдын ала өңделіп, дайындалған жерге «Вега» сұрыпты картоп тұқымы егілуде. Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, аталған сұрып былтырғы жылы Ресейден жеткізіліпті.

-Дәл қазір ауа райының жылы күндерін тиімді пайдаланып, картоп егу науқанын жеделдетіп жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл алқапқа картопты дәрілеп егеміз. Жерді аударып, тегістеп өңдеген уақытта минералды тыңайтқыштарды да қоса береміз. Тиісті агротехникалық шараларды сақтап, еккеніміздің арқасында картоптан жақсы өнім аламыз деген сенімдеміз. Картоптың «Вега» тұқымынан бөлек, голландиялық «Разара», «Алладин», «Гала» сұрыптарын да егеміз. Олар да жақсы өнім береді. Картоп тұқымынан, жанар-жағармайдан ешқандай проблема болып жатқан жоқ. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан жеңілдетілген бағамен дизель отынын алып жатырмыз,- дейді «Боранды» шаруа қожалығының бас инженері Нұржан Айтуғанов.

Шаруашылықтың жұмысын тиімді жүргізіп, еккен өнімнен мол өнім алу мен төккен тердің ақталуы үшін ең алдымен ауызбіршілік мен адал еңбек ауадай қажет болса, жерді өңдеуге қажетті техниканың күші де сондай қажет екені белгілі. Осы ретте, шаруашылықта картоп тұқымын егуге және қазуға, жерді өңдеп, тегістеуге қажетті жаңа техникалардың бәрі жеткілікті. Алқап басында ары-бері жүйткіп жүрген «МТЗ-82»

тракторының рөлінде отырған шаруашылықтың білікті механизаторы Қанат Өмірәлиев арнайы тіркемемен картоп егу үстінде. 35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі механизатор «Боранды» шаруа қожалығында 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Оның алдында «Большевик» колхозында, әскери совхозда, сонымен бірге, «Гамбург» серіктестігінде де бірнеше жыл жұмыс істеген екен. Қ.Өмірәлиев те картоп егу жұмыстарының қызу жүріп жатқанын, еңбекақыларының тұрақты төленіп отыратынын қуанышпен жеткізді. Ал жаздың күндері картоп алқаптарын Көктөбе ауылының тұрғыны, тәжірибелі сушы Нұржігіт Оразбаев суғарады екен. Осы ретте шаруашылықтың бас инженері Нұржан Айтуғанов сушы Нұржігіттің де еңбегін ерекше атап өтті.

«Боранды» шаруа қожалығының жұмысы картоп егумен ғана шектелмейді. Шаруашылық басшылары ақ егіспен де тұрақты айналысып, жыл сайын оның да көлемін ұлғайтуға күш салуда. Соның арқасында мал шаруашылығын да дамытуға, төрт түліктің басын молайтуға мүмкіндік туып отыр. Қожалықтың «Құрама» деп аталатын жайлаудағы мал қыстауында бүгінде 500-ге тарта ұсақ тұяқты мал күтіп, бағылуда. Оған жем-шөп қоры шаруашылықтың өзінде дайындалады. Бұл мақсатта биылғы жылы 350 гектарға бидай сепсе, 270 гектар алқапқа арпа дәні себілген екен. Жоңышқалық алқабы да жайқалып келеді. Жерді шаруашылықтың иелігіндегі «К-700», «МТЗ» маркалы доңғалақты тракторлармен, екі астық оратын комбайнмен, «КаМАЗ», «ГАЗ-53» жүк көліктерімен, бір дана шөп оратын «Германка» және қосымша агрегаттармен тиімді игеріп отыр. Мол өнімге осылай ғана қол жеткізетінің анық.

-Мен бұл шаруа қожалықта 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Жұмысымыз жаман емес. Шаруашылық басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауға күш салып жатырмыз. Ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында табыстарға қол жеткізудеміз. Сонымен қатар, шаруашылықта 10 адам тұрақты еңбек етсе, маусымдық жұмыстарға да қосымша адамдар тартамыз. Алға қойған жүйелі жоспарларымыз көп.

Арпа, бидай егуді сәтті аяқтап, енді картоп егуге қызу кірісіп отырмыз. Биылғы көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтап, шаруашылықтың басқа да жұмыстарына кірісеміз. Картоп егуді мамыр айының басында толық аяқтаймыз. Аты жаман індетке байланысты қалыптасып отырған осындай күрделі кезеңде қиындықтарға қарамастан шаруаларға, кәсіпкерлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасап отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет

басшыларына, аудан басшылығына шаруа қожалық басшылығының атынан алғысымызды білдіреміз,- дейді Нұржан Әмірханұлы.

Көкбастау ауылдық округінде тіркелген іргелі шаруашылық «Боранды» шаруа қожалығының жұмыс өнімділігі, алға қойып отырған жоспарлары аудандағы өзге қожалықтарға үлгі. Көктемгі дала жұмыстарының қарқынына қарап, күзде алынатын өнімнің мол болатынына сенім мен тілектестік білдіріп, алқап басынан аттандық…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.