A place where you need to follow for what happening in world cup

Белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлының бенефисі өтті

519

Оқырманды сүбелі сөз өнерімен олардың ой жиегін, рухани жан-дүниесін қалыптастыра отырып, елжандылыққа тәрбиелеу – кітапхананың мәдени жұмысының негізі. Осы мақсатта Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы, белгілі сатирик, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына орай «Әзіл аялдамасында – Толымбек» атты бенефис кеші және «Қалай болса – солай» барайль қаріпіндегі кітабының тұсаукесері өтті.
Кездесуге М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақыт Мырзабеков, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, сатирик Бақытжан Әлімқұлов, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белгілі сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан қатысты.
Қонақтар шара басында сүйікті сатириктің «Қалай болса – солай» атты кітабының барайль қаріпіндегі нұсқасының тұсауын кесті.
Рухани кеш барысында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол өмір жолы туралы деректер айтылып, кеш кейіпкері мен қонақтары сүбелі сұхбат жүргізді. Сонымен қатар қазақ сатирасы мен ондағы дәстүр жалғастығы жайында сөз етіп, қонақкәдеге Толымбек Әлімбекұлы өзінің әзіл-сықақ жолдарын көрерменге тарту етті. Сонымен қатар жазушының 70 жылдығына орай шығарылған «Шымылдықтың ар жағы….», «Абыр-сабыр» атты қос жинағын арнайы Алматы қаласынан жолдап, кітап қорын жаңа кітаптарымен толықтырды. Бұл кітаптарда сатириктің сатиралық шығармалары, сын-фелетондар мен драматургия саласындағы еңбектері топтастырылған. Алдағы уақытта оқырмандар арнайы кітапхананың абономенттік бөлімінен алып оқуына мүмкіндігі бар. Сергіту сәтінде жастар монолог оқып, жазушының сөзіне жазылған «О, Вальс!» әніне «Асыл арман» өнер студиясының талантты бишілері би композияциясын орындады.
Кеш соңында жиналған көпшілік оқырмандық ықыластарын жылы лебіздерімен білдірді.

Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА,
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.