Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі А.Оразалиевтің атына Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұрланған жылқыларын табуда көрсеткен жедел әрі кәсіби әрекеттеріне ризалығын білдіргені туралы алғыс хатын жолдады, -деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың соңында аталған ауданға қарасты Құлан аулының «Шөңгер» тау бөктерінің жайылымынан 58 жастағы тұрғынның жеке шаруақожалығына тиесілі 13 бас жылқы малы ұрланғаны туралы аудандық полиция бөліміне шағым түскен. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылдың 21 қаңтарында қылмысқа қатысы бар Т.Рысқұлов ауданының 44 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ұрланған жылқылар иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігімен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.