A place where you need to follow for what happening in world cup

Өткен ғасырдың қасіретті жылдары

265

Өткен ғасыр КСРО елдеріне, оның ішінде қазақ халқына да қаншама қайғы-қасірет алып келді. Соның бірі — сталиндік кезеңдегі жаппай саяси қуғын-сүргін десе болады. НКВД және ГУЛАГ қапас-тарында ешқандай жазығы жоқ миллиондаған адам опат болды. Оның үстіне көптеген халықтар мен этникалық топтардың өкілдері режимнің қыспағымен туған жерлерінен қуылып, солардың бір бөлігі басқа аймақтарға жер аударылса, ал енді бір бөлігі жер аудару кезіндегі адамгершілікке жатпайтын жағдайлардың салдарынан қаза тапты. Жалпы 1930-1950 ж.ж. сталиндік тоталитаризмнің ең шығандап тұрған кезінде бұрынғы КСРО халқы қуғын-сүргіннің алуан түрлі сұмдығын бастан кешті ғой. Әсіресе, бұл қолдан жасалған апат қазақ халқына ерекше зиян келтірді. Ұлтымыздың жартысынан көбі қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып кетсе, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында білім алып, енді социализмнің мұраттарына сеніп, бар күш-қуатын туған елінің қарқынды дамуына жұмсауға құлшына кіріскен зиялыларымыздың бетке ұстарларын түгелдей дерлік қыршынынан қиып, бірен-саран тірі қалғандарын «халық жауы» деген жаламен тарих алдында қарабет етуге барын салған сол бір зұлымдық саясатты ешқашан ұмытуға болмайды.
Ең сорақысы, олардың ешқайсысына да заңды жолмен дәлелденген айып қойылмаған. Олардың 99% соттың шешімімен емес, ішкі істер, мемлекеттік қауіпсіздік органдары прокуратура, жергілікті партия-кеңес өкілдерінен жасақталған үштіктердің (тройка) немесе әскери трибуналдардың шешімімен жазаға кесіліп отырған. Жазаланғандардың басым бөлігі — шала сауатты, үлкен саясаттан хабары жоқ, қарапайым еңбек адамдары. 1931-1933 ж.ж. Қазақстанда әртүрлі деректер бойынша аштықтан 1,7 млн-нан 2 млн-ға дейін адам қаза болды. Тек 1937-1938 ж.ж. ғана Қазақстанда 118 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілді.
Біздің Шу өңірін де қуғын-сүргін айналып өткен жоқ. Қаншама бетке ұстар азаматтарымыз және қатардағы адамдар осындай апатқа еш себепсіз ұшырады. Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сақыпкерей Құрамысов 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, ең ауыр жазаға кесілген болатын. Кейін аты ақталды.
Тұрысжан Ақшалұлы «Ақтөбе» колхозын басқарған. Мал басы көбейіп, суармалы жерге бидай, бау-бақша егіп ауыл адамдары өмір сүріп жатқан. Аудан көлеміндегі бірден бір өскелең колхоз қатарында болды. Бұл кісіге де жала жабылып, осындай қуғын-сүргінге ұшыраған. Тағы бір колхоз жұмысшысы болған Көпжанов Рысқұл не үшін сотталғанын ешкім білмейді. Түрмеге жабылып, кейін түрмеден шыққаннан кейін аты ақталған. Ондай қуғынға басқа ұлт өкілдері де ұшыраған болатын. Олардың ішінде орыс, неміс, кәріс т.б. бар. Ауданымыздың М.Горький (казіргі Е.Бекмаханов) атындағы мектепте оқу ісі меңгерушісі болған Тен Александр Зосимович 1938 жылы ауыр жазаға кесілген, кейін 1962 жылы облыстық прокурордың тұжырымымен ақталған. Тағы Шу стансасында тұрған, шіркеу адамы Кузин Петр Иванович осындай ауыр жазаға кесілді. Айта берсек еш кінәсі жоқ адамдар осындай қуғын-сүргінге сол жылдары көп ұшырады.
Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдарды еш ұрпақ ұмытпақ емес.
Тоталитарлық режимнің қылмыстарын әшкерелеу — бүгінгі күннің зәру қажеттілігі. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «1997 жылды жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы етіп жариялау туралы» Жарлығы осыған шақырады.

Л.МАМЕТАЕВА,
аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.