A place where you need to follow for what happening in world cup

Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді

204

«Ел іші — өнер кеніші» демекші, өнер атаулының қадір-қасиетін түсініп, оның барша ғажайыптары мен тылсым сырларын ұғынуға, ғасырлардан бүгінге жеткен болмысына бойлауға өзіндік үлесін қосып ізгілікті жандардың қатарынан Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Қойшыбай Төремұратовтың есімін де атауға болады. Қойшыбай аға ұзақ жылдан бері «Жуалы» халық театрының қоюшы-суретшісі қызметін абыройлы атқарып келеді.

Аудан жұртшылығы Қойшыбай Тәжімұратұлын оның көздің жауын алатын, әрі мәні де мағыналы көркем туындылары арқылы жақсы таниды. Сонымен қатар, оның отбасында өнерге бет бұрған жандар тәрбиеленіп, әке ізін жалғаушы ұрпақ өрбуде.
Қылқалам шебері ретінде жемісті еңбек етіп келе жатқан Қойшыбай Тәжімұратұлының бұған дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Ол Қарақалпақстан Республикасының Шоманай ауданындағы қазақ орта мектебінде сызу және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен жылдары «Халық тәлімгері» төсбелгісімен марапатталған. 2000 жылдары Өзбекстан суретшілер одағының мүшелігіне де қабылданған. Қойшыбай Тәжімұратұлы жас кезінен сурет салуға қызығып, аудандық, облыстық, республикалық сурет көрмелеріне қатысып, жүлделі орындардардан көрінген екен. Ардақты ұстаз әртүрлі тақырыптарға сай туындылар салған. Яғни, қылқалам шеберінің қолынан «Арал тағдыры», «Әке», «Ана», «Нан», «Ымырт», «Таң» және тағы да басқа дүниелер шыққан.
2004 жылы жанұясымен атажұртқа атбасын бұрып, туған елдің мейіріміне сусап, біржола көшіп келген Қойшыбай аға алғаш №29 орта мектепте мамандығы бойынша жұмыс істейді. Одан кейін 2006 жылы «Жуалы» халық театрының қоюшы-суретшісі болып ауысады. Бұл оның шығармашылықпен біржола айналысуына септігін тиігізеді. «Талант тасада бұғып жатпайды» десек, содан бастап Қ.Төремұратұлының елдегі өнерінің өрлеу кезеңі қалыптасты. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көріне бастайды.
Атап айтсақ, 2008 жылы халық театрларының облыстық қылқалам шеберлерінің байқауында «Ең үздік қоюшы — суретші» аталымын жеңіп алса, Түркістанда өткен халықаралық «Түркістанды аңсау» атты отандастардың мәдени-этнографиялық фестивалінде жүлделі үшінші орын биігінен көрінді. Кеңес Одағының Батыры, данқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап салған «Батырдың өшпес бейнесі» атты шығармасы да республикалық байқауда екінші орынды иеленген. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты сан байқаулардың жеңімпазы. Сонымен қоса, облыс әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Жамбыл облысының суретшілері» атты альбомға суретшінің тың шығармалары да енген. Бүгінгі таңда Қойшыбай ағаның онға тарта шығармасы Тараз қаласындағы суретшілердің көрме залында тұр.
Қойшыбай аға жұбайы Баян Рублева екеуі үш ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Сағира, Жазира есімді қыздары өмірден өз орындарын тапқан. Ал, үлкен ұлы Бауыржан суретшілікпен қатар тың кәсіп мүсіншілікті де меңгерген. Әкелі-балалы суретшілердің шеберханасынан шыққан туындылар бүгінде ауданның көркіне көрік қосып отырғанын да атап өткен жөн. Әке жолымен жүрген Бауыржан «Мыңбұлақ» халық театрының қоюшы-суретшісі болып жұмыс істеуде. Сондай-ақ, ортаншы ұлы Пердеғали да суретшілікті таңдап, қазіргі таңда «Аула клубында» ұстаздық етіп, балаларды өнерге баулуда. Ал, кенже ұлдары Қуантай болса Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінің екінші курс студенті.
-«Өнер — таусылмас қазына» дейді дана халық. Бізге өнер ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған. Өзге елде жүріп те өз ұлтымыздың болмысын бейнелеуге тырысқанымыз содан шығар. Ұлдарымның бойынан да таланттың ұшқынын байқаған соң, оларға барынша білгенімді үйретіп, өнерге баулып жүрмін. Кез келген өнер бойыңдағы талантпен қатар, адами ізгі қасиеттерді қажет етеді. Сол себепті, туындыларың әсем шығуы үшін жұмысыңның ауырлығына да төзе білуің керек. Әрине, әр нәрсенің өз қиындығы бар. Бірақ, сол қиындық арқылы алға қарай талпына түсесің, — дейді Қойшыбай Тәжімұратұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, Қойшыбай ағаның отбасы мүшелері имандылыққа бет бұрған. Олар жыл сайын қасиетті Рамазан айында отбасымен бірге ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Өнерлі отбасы ораза ұстаудың адамның жан дүниесіне, ағзасына қаншалықты пайдалы екенін де жете түсініп отыр.Таң атқаннан кеш батқанға дейін ішіп-жеуден, жаман әдеттен тыйылған пенделерін Алла тағала да жақсы көріп, ризық-несібесін аямай беретінін, Рамазан айы асыға күткен мұсылман қауым үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік екенін жақсы біледі.
— Рамазан — өзінің ішкі жан дүниесімен сыр бөлісіп, пенденің шын ықыласымен тәубеге келу айы. Рамазан айы – рухани жаңару айы. Сабыр айы. Сөзсіз, Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін қасиетті, қадірлі. Ақ пен қараны ажыратып, сауап пен күнәнің парқын көрсетіп, тура жолға үндейтін Құран Кәрімнің аяттары жерге түсе бастаған ай. Адам баласына мол сауап жинап, жаратушының рақымына кенелуге берілген мүмкіндік. Сондықтан мұсылман жамағаты бұл айды асыға күтіп, ықыласпен қарсы алады.
Биылғы жылы Рамазан айы еліміздегі алғаш рет енгізілген төтенше жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан мұсылман қауымына келіп жеткен Рамазан айы Аллаға құлшылық жасап, шыдамдылық танытуымызға септігін тигізуде. Барша мұсылман қауымның ұстаған оразасы қабыл болып, індет жойылып, жақсы күндеріміз көп болуды нәсіп етсін, — деп ақ тілегін білдірді.
Міне, өнерімен өнеге көрсетіп отырған отбасы бүгінде өздерінің отбасылық құндылықтары арқылы да көпке үлгі болып отыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, отбасында балаларын қазақ халқының игі қасиеттерінің бірі иманды болуға тәрбиелеп, олардың рухани жаны таза адам болып қалыптасуына септігін тигізуде. Осы ретте, ораза ұстауды мұсылмандық парызы санайтын өнерлі Төремұратовтар отбасы Рамазан айының шапағатын сезінуге күш салуда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.