Бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Миржан Смагуловпен оның орынбасары әділет подполковнигі Абылайхан Ильясов және департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әміролла Оралбаев шуақты көктеммен қатар келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қылмыстық-атқару жүйесінде адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды әріптестерін сондай-ақ, уақытында осы саланың дамуына зор үлес қосқан ардагерлерді құттықтады.
Салтанатты шара барысында департамент бастығы Миржан Нурмухамметұлы ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевпен ҚАЖ комитетінің төрағасы әділет полковнигі Жанат Ешмағамбетовтың ішкі істер саласының аруларына арнаған құттықтауын жеткізіп, марапаттау грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті. Департамент бастығы өз құттықтауында, бүгінгі қоғамдағы нәзік жандылардың жауапты қызметтерді абыроймен атқарып отырғанын айтты.
— Құрметті ханымдар! Көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бізбен бірге қызмет етіп жүрген сіздердің адал еңбектеріңізді бүгінде ерлік десе де болады. Сол себепті де, біз сіздерді тек мереке де ғана емес, жыл он екі ай сыйлап, құрметтеуге тырысамыз. Бүгін қызметінде жақсы жетістіктерге жеткен нәзік жандыларды ерекше атап өтіп, алғыс хаттармен марапаттап отырмыз. Жалпы, қызмет бабында әйел-ер деп бөлінбейді, тәртіп, талап бәріне ортақ. Сондықтан, қыз-келіншектерге ер азаматтармен қатар жауапкершілік жүктеледі. Сол жауапкершілікті сезініп, қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматшаларға алғысым шексіз. Сіздерге — дендеріңізге — саулық, отбасыларыңызға — амандық, қызметтеріңізге — табыс тілеймін, — деді М. Смагулов.
Бұдан кейін сөз алған департамент бастығының орынбасары Абылайхан Ильясұлымен департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әміролла Ибатуллаұлы ерлермен иық тіресе қызмет атқарып жүрген арулардың темірдей төзіміне ризашылықтарын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі