Көпшілік Әміре деп танитын қазақстандық Ернар Садырбаев «Голос» шоуында үшінші орын алуына қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ, әнші өнерге деген көзқарасы мен әріптесі Ерке Есмаханмен байланысы жайлы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандықтар ресейлік «Голос» шоуының финалында екі бірдей отандасымызға жанкүйерлік етті. Әлішер Кәрімов екінші орын алса, Ернар Садырбаев үшінші орынды місе тұтты. Ал бас жүлде қырғызстандық әншіге бұйырды. Желідегі пікірлерден көпшіліктің Әмірені «фаворит» санағанын байқауға болады. Тыңдарманның бірі әншіден «жеңіске жетпеуінің себебін сұрады.
«Соңына дейін жеттім. «Голостың» барлық кезеңдерінен өттім. Әр кезеңде жеңдім. Финалда барлық үш әнді орындадым. Өзімнің мықты және әлсіз тұстарымды білемін. Мен өзімді жеңдім», — деп жауап берді оған Әміре.
Өнер иесі музыканың өмірінде қандай орын алатынын айтты.
«Музыкадан өмірімнің мәнін жасамаймын. Бірақ маған берілген қасиетті бағалаймын. Бұл туралы әлі сөйлесеміз. Мен үшін өмір деген сенім мен ұғыну. Ұғынудың өзі сенім», — деді Әміре.
Соңғы кездері желіде Әміре мен Ерке Есмаханды жұптастырып жүргендер жетерлік. Жұлдызды жұптың жақында жарыққа шыққан «Бірге» атты әні көптің көкейіндегі жүрген күдікті одан сайын үдете түсті. Әміренің айтуынша, Ерке екеуінің арасында тек қана «ән бар».