Әрбір дамыған қоғам өзінің қалыптасу жолында әртүрлі кезеңнен өтеді әрі құқықтық жүйесін жетілдіреді. Біздің елімізде де құқық және заң саласында әлемдік стандартқа сай реформалар жүзеге асуда. Аталған әлемдік стандартқа сай реформаға 2021 жылдың 1 шілдесінде қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін жатқызуға болады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қабылдау сот жүйесі мен әділет саласына тың серпін берді.
Әкімшілік рәсімге қатысушы тараптардың Кодексте көрсетілген заң нормаларын сақтауы, әкімшілік талап қоюдың нысаны мен мазмұнын, түрлерін ажырата білуі дауды нақты, айқын және уақтылы қаралуына мүмкіндік береді.
Әкімшілік сот ісін жүргізу талап қою негізінде қозғалады. Әкімшілік іс жүргізуде талап қоюдың төрт түрі айқындалған, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы талап қоюлар. Аталған талап қоюлар сотқа жазбаша және электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат арқылы беріледі.
Дау айту туралы талап қою заңдылығын түсіндіріп өтсек, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қоя алады.
Мәжбүрлеу туралы талап қоюда талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін, мәжбүрлеу туралы талап қою жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талапты қамиды.
Әрекет жасау туралы талап қою, талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етіледі.
Тану туралы талап қою бойынша алап қоюшы, егер ол осы Кодекстің 132, 133 және 134-баптарына сәйкес талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етеді. Талап қоюшының құқықтық қатынастарды орнатуға мүдделілігінің құқықтық, моральдық немесе материалдық сипаты болуы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген талап қоюдың түрлері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 20-тарауында көрсетілген, атап айтқанда Кодекстің 132, 133, 134 және 135 баптарында көзделген.
Жамбыл облысының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Н.Абилкасымов