A place where you need to follow for what happening in world cup

«Әділдікті талап ет!» науқаны басталды

90

«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2022 жылғы 15 тамызда республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастайды. Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте республикалық қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облысы бойынша филиал жетекшісі Жұбандықова Назима хабарлады.
Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.
Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.
2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», — деді мемлекет басшысы.
Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – жол-көлік апаттарында талай адамдардың қайтыс болып, жарақат алуларының себебі болып табылады. 2021 жылы автожол саласына 500 млрд.тг. шамасында қаржы бөлінген. Сонымен қатар, осы жылы 14 000 жол-көлік апаты тіркеліп, онда 2000-нан аса адам қаза болып, 18 000 адам жарақаттанған. Бұл дегеніміз – 20 000 бұзылған тағдырлар! Жол сапасының бұл жағдайға қатысы бар екенін анық.
Сапасыз жолдар – адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. БӘФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-ші орнында орналасқан.
Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз.
Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.
Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылатын болады.
Науқанның қорытындысы, сонымен қатар Бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.
Бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей жатқан, жемқорлардың «арқасында» жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес 180 дүниежүзі елдері арасындағы 102 орынды ұстатып отырған жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырамыз.
Жемқорлықты бірге жеңейік!
Әділдіктің жауы – бейқамдық!
Бейқам болма, әділдікті талап ет!

Анықтама. Жоғарыда көрсетілген шараның ұйымдастырушысы –
ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында 2020 жылғы 18 қарашада құрылған «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі. Аз уақыт ішінде ұйым сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы күресте жақсы нәтиже көрсете алды.
Осылайша, Бірлестік жыл басынан бері 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1000-ға жуық бағаны көтеру фактілері мен 20 млрд теңге соманы құрайтын заң бұзушылықтарды анықтады. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшылары мен басқа да тұлғаларға жалпы сомасы 67 миллион теңге айыппұл салынып, 21 қылмыстық іс қозғалды.
Олардың тең жартысы мемлекеттік қызметкерлер немесе оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
Мысалы, Ақтөбе қаласындағы бір спорт мектеп директорының орынбасары өз қызметімен қатар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алулармен айналысып, басқа спорт мектептері мен білім беру ұйымдарына да қызмет көрсетіп отырған. Оған 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынып, сондай-ақ, мемлекет пайдасына деп оның заңсыз 15 901 780 теңге кірісі тәркіленді.
Бірлестік «ArtSport.kz» жобасы аясында жемқорлық фактілерін бірінші болып анықтады. Мәселен, жан басына белгіленген мемлекеттік шығармашылық тапсырыс 28 млрд. теңге құраса, тек Шымкент қаласының өзінде 1704 ваучер иегерлерінің арасынан 547 бұзушылықтар анықталды, яғни әр 3-ші бала үйірмеге қатыспаған.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.